Қазақстандық дзюдошы Әбиба Әбужақынова 2026 жылғы Әлемдік Гран-при кезеңін сәтті бастады.
Әбиба Әбужақынова ұзақ үзілістен кейін халықаралық жарысқа қайта қосылды. Ол бұған дейін Парижде өткен "Үлкен дулыға" кезеңін (7–8 ақпан) және Ташкенттегі турнирді (27 ақпан – 1 наурыз) өткізіп алған еді.
Әлемдік татамидегі жұлдыздың көптен күткен оралуы 2026 жылғы алғашқы Әлемдік Гран-при кезеңінде өтті. Байрақты бәсекені Австрияның Линц қаласы қабылдап жатыр
Әбиба бұл додаға жай фаворит ретінде емес, 48 келіге дейінгі салмақта әлем рейтингінің көшбасшысы ретінде келді. Дәл осы жоғары рейтингі оның жарысты бірден 1/8 финалдан бастауына мүмкіндік берді.
Бұл кезеңде қазақстандық спортшының қарсыласы 25 жастағы алжирлік Хуария Каддур болды. Айтарлықтай ірі жетістіктерімен көзге түсе қоймаған қарсыласын Әбужақынова сенімді түрде тізе бүктірді. Ол екі мәрте "юко" әдісін жасап, кездесуді бір "иппонмен" аяқтады.
Енді Абиба Әбужақынова ширек финалда италиялық Анна Йовино мен нидерландылық Вера Вандел арасындағы кездесудің жеңімпазымен белдеседі.