Қазақ боксшысы төрешілер дауына қарамастан өзбекстандықты жеңді (ВИДЕО)

Сарапшы, спорт журналисі

Futures Cup 2026 U-19 халықаралық турнирінде Досжан Жұмақан кезекті жекпе-жегін жеңіспен аяқтады.

Қазақ боксшысы төрешілер дауына қарамастан өзбекстандықты жеңді (ВИДЕО)
instagram/@boxingkazakhstan

Жекпе-жек басында-ақ басымдық танытты

60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Досжан Жұмақан 1/8 финалда Бобомурод Боймирзаевпен күш сынасты.

Айқастың алғашқы сәттерінен-ақ қазақстандық боксшы белсенді қимылдап, қарсыласын есеңгіретіп үлгерді. Бір эпизодта өзбекстандық боксшы құлағанымен төреші нокдаун санаған жоқ. Соған қарамастан төрешілер бірінші раунд қорытындысында басымдықты 4:1 есебімен Жұмақанға берді.

Екінші раундта Досжан қарсыласын анық басымдықпен тықсырып, төрешіні нокдаун санауға мәжбүр етті. Алайда осыдан кейін қазақстандық боксшыдан желке тұсынан соққы жасады деген себеппен бір ұпай шегерілді.

Бір қызығы соған ұқсас сәтте өзбекстандық боксшы тек ауызша ескертумен шектелді. Соған қарамастан екінші үш минуттықтың өзінде де Досжанның басымдығы айқын болып, бұл раундта ол 5:0 есебімен үстем түсті.

Соңғы раундта қарсыласы жағдайды өзгерте алмады

Шешуші раунд алдында Бобомурод Боймирзаевқа жеңіс үшін тек мерзімінен бұрын тоқтату қажет еді. Алайда ол мұндай мүмкіндікке қол жеткізе алмады.

Нәтижесінде Досжан Жұмақан төрешілердің шешімімен жеңіске жетіп, ширек финалға жолдама алды.

Бұл туралы не ойлайсыз?
👍 0
👎 0
😂 0
😡 0
×
Футбол Теннис Жекпе-жек Хоккей Жаңалықтар Авто Бәрі-бір