Жалғас Жұмағұловтан бір кеңес: Асу Алмабаев құлақ түре ме?
Қазақстандық файтер Асу Алмабаевтың UFC-дегі жекпе-жегі алдында Чарльз Джонсонның әлсіз және күшті тұстарын ашып айтты.
Қазақстандық ММА файтері, UFC-дің бұрынғы спортшысы Жалғас Жұмағұлов отандасы Асу Алмабаевтың алдағы жекпе-жегіне қатысты пікір білдіріп, маңызды кеңестерін айтты.
Жалғас Жұмағұлов америкалық файтер Чарльз Джонсонмен 2022 жылы октагонда кездескен. Сол кезде төрешілер шешімімен жеңіліп қалған болатын.
Жұмағұловтың айтуынша, Джонсон бұрынғы деңгейінде емес:
"Чарльз Джонсон – мықты, төзімді спортшы. Бірақ қазір деңгейі біршама төмендеді. Соңғы жекпе-жектерінде оны құлатты, бұрынғыдай емес", – деді ол.
Алмабаевқа берілген кеңес
Қазақстандық файтер Асу Алмабаевқа нақты тактикалық ұсыныстар берді. Оның пікірінше, бұл кездесуде басты фактор – қысым көрсету.
"Асу үшін жақсы мүмкіндік бар. Оның күресі мықты, соны пайдалану керек. Үнемі қысым жасап, алға жүруі тиіс. Екінші нөмірмен жұмыс істеуге болмайды. Егер еркіндік берсең, ол сені "жеп қояды", – деді Жұмағұлов.
Сондай-ақ, ол Алмабаевқа соққы алмасудан аулақ болуға кеңес берді:
"Джонсонның тынысы жақсы, сондықтан оны байлап, күресу қажет. Тік тұрып соққы алмасуға кеңес бермеймін", – деп атап өтті.
Жекпе-жек қашан өтеді?
Асу Алмабаев пен Чарльз Джонсон арасындағы жекпе-жек 27 маусым күні Әзербайжанның Баку қаласында өтеді.