Қазақстан мен Өзбекстан таэквондодан әлем чемпионатының финалисін анықтады
Ташкентте таэквондодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Әлидар Әбдукәрімов жүлдегерлер қатарына енді.
Финалға неге шыға алмады?
68 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен қазақстандық таэквондошы жартылай финалда Өзбекстан өкілі Аюбхон Набиевпен кездесті. Жекпе-жекте Әлидар 0:2 есебімен жеңіліп, финал жолдамасынан айырылды.
Осылайша отандасымыз әлем чемпионатының қола жүлдесін иеленді.
Әлидар Әбдукәрімов жартылай финалға дейін үш жекпе-жек өткізіп, барлығында сенімді жеңіске жетті. Алғашқы айналымдарда ямайкалық Дамар Уолкерді, иорданиялық Ахмад Дахамшехті және америкалық Марк-Дэниэл Юмананды 2:0 есебімен ұтты.
Қазақстан қоржынында қанша медаль бар?
Қазір Қазақстан құрамасының еншісінде бұл әлем чемпионатында бір алтын және екі қола медаль бар.
44 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Айым Серікбаева чемпион атанып, ұлттық құрама қоржынына алтын жүлде салды. Ал Ерасыл Ерзат (48 келіге дейін) пен Ислам Медетбай (55 келіге дейін) қола медаль иеленді.