Отандасымыздың Азияның қола медалі үшін белдесуі мерзімінен бұрын аяқталды
Қытайдың Ордос қаласында дзюдодан Азия чемпионатында Қазақстан әйелдер құрамасы алғашқы жалғыз жүлдесін иеленді.
Қола медаль иеленді
Қазақстандық дзюдошы үшін бұл күн өте тартысты өтті. Ордостағы жарыста Есмігүл Құйылова түске дейінгі сессияда үшінші белдесуіне шықты. Оған дейін жартылай финалда Солтүстік Корея өкілі Джи Ху Кимге есе жіберіп, құрлық біріншілігінің алтыны үшін таласу мүмкіндігінен айырылған еді. Бұл кездесуде қарсыласы “юко” ұпайымен басым түсті.
Соған қарамастан қазақстандық спортшы жарысты жүлдесіз аяқтамаудың жолын тапты.
63 келіге дейінгі салмақтағы қола жүлде үшін өткен белдесуде Есмігүл Құйылова Тайбэйден келген Пей Чун Янмен күш сынасты. Алайда бұл кездесу ұзаққа созылған жоқ. Белдесудің бастапқы сәттерінде қарсыласы жарақат алып, күресті жалғастырудан бас тартты.
Осылайша Құйылова мерзімінен бұрын жеңіске жетіп, Қазақстан қоржынына маңызды қола медаль салды.
Қазақстан әйелдер құрамасының жалғыз жүлдесі
Қазір Есмігүл Құйылова — 2026 жылғы Азия чемпионатында медаль жеңіп алған Қазақстан әйелдер құрамасының жалғыз өкілі. Бұл нәтиже ұлттық құрама үшін маңызды жетістік саналады.
Айта кету керек, оның қарсыласы Пей Чун Ян былтырғы Азия чемпионатында қола жүлдегер атанған. Ал Есмігүл сол турнирде қола медальға бір қадам жетпей қалған еді. Биыл сол сәтсіздіктің орнын толтырып, жүлде алды.
Еске салсақ, дзюдодан Азия чемпионаты 16-19 сәуір аралығында Қытайдың Ордос қаласында өтіп жатыр.