Әділет Алмат Тәжікстан жұлдызын жеңіп Азия чемпионы атанды
Қытайдың Ордос қаласында дзюдодан 2026 жылғы Азия чемпионатында Қазақстан қоржынына тарихи алтын түсті.
Азия чемпионатының алтынын жеңіп алды
81 келіге дейінгі салмақта белдескен Әділет Алмат финалда Тәжікстанның атақты дзюдошысы Сомон Махмадбековті сенсациялық түрде жеңіп, құрлық чемпионы атанды.
Сомон Махмадбеков 2024 жылы әлем чемпионаты мен Олимпиадада жүлде алып, 81 келі салмақтағы ең үздік балуандардың бірі екенін дәлелдеген еді. Сонымен қатар былтырғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері саналады. Сондықтан финалда фаворит ретінде тәжікстандық спортшының аты жиі аталды.
Фаворитті тізе бүктірді
Алтын медаль үшін өткен шешуші белдесу өте жоғары қарқында басталды. Екеуі де алғашқы секундтардан-ақ шабуылға шығып, бір-біріне қысым көрсетті. Кездесудің тағдыры кез келген сәтте шешілуі мүмкін екені байқалды.
Осы сәтте Әділет Алмат тамаша әдіс жасап, қарсыласын қапы қалдырды. Қазақ дзюдошысы Сомон Махмадбековті қапталға құлатып, “юко” ұпайын алды. Бұдан кейін тәжікстандық балуан шабуылды үдеткенімен Алмат саспады.
Керісінше тағы бір сәтті шабуыл ұйымдастырып, тізеден жасаған әсерлі әдісі арқылы “вазари” еншіледі. Осылайша белдесу мерзімінен бұрын аяқталып, Әділет Алмат дзюдодан Азия чемпионы атанды.
Айта кетейік, бұған дейін 2022 жылы Данияр Шамшаев Астанада өткен сары құрлықтың додасында топ жарған еді.
Әділет Алматтың бұл – Азия чемпионатындағы бірінші жүлдесі. Ол 2023 жылы жастар арасында Азия чемпионы атағына да қол жеткізген.
Әділет Алматтың алтынға апарар жолы
Қазақстандық балуан Азия чемпионатында бірнеше мықты қарсыласты жеңіп, чемпиондыққа лайық екенін дәлелдеді.
1/16 финал
- Шыңғысхан Сағынәлиев (Қырғызстан) — екі “юко” ұпайымен жеңіс
Ширек финал
- Абылайхан Жұбаназар (Қазақстан) — ұстап тұру әдісімен (осаэкоми) жеңіс
Жартылай финал
- Бехрузи Хошазода (Тәжікстан) — “вазари” арқылы жеңіс
Финал
- Сомон Махмадбеков (Тәжікстан) — “юко” және “вазари” нәтижесімен жеңіс