"Мен қазақпын". Қазақстандық боксшы өзін "ресейлік" деп атаған спортшыға жауап қатты
Екі спортшының диалогы әлеуметтік желіде болды.
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Евгений Павлов АҚШ-та өткен жекпе-жектен кейін қарсыласының қате пікіріне жауап берді.
Даудың мәні неде?
Балтимор қаласында өткен айқастан кейін америкалық боксшы Антонио Дантон Эл-кіші әлеуметтік желіде әзіл ретінде:
"Мен ресейлікпен жұдырықтастым және тірі қалдым", – деп жазба қалдырған болатын.
Алайда бұл сөз қазақстандық спортшының назарынан тыс қалмады.
Евгений Павлов бірден қарсыласының қатесін түзеп, өзінің кім екенін нақты айтты:
"Бауырым, мен ресейлік емеспін. Мен Қазақстаннанмын, мен қазақпын", – деп жауап берді ол.
Дантон Эл өз қателігін мойындап, көп ұзамай кешірім сұрады:
"Кешір, досым", – деп жазды америкалық боксшы.
Павлов бұл диалогтың скриншотын өз парақшасында жариялады.
Жекпе-жек нәтижесі
Айта кетейік, Евгений Павлов аталған кездесуде айқын басымдықпен жеңіске жетті. Алты раундқа созылған жекпе-жекте барлық төрешілер 59:54 есебімен қазақстандық боксшыны жеңімпаз деп таныды.