Ризабек Айтмұхан UWW нұсқасы бойынша әлемнің үздік балуаны атанды
Отандасымыз жуырда Вьетнамда өткен U23 жас санатындағы Азия чемпионатында алтын медаль иеленген еді.
Қазақстандық еркін күрес шебері Ризабек Айтмұхан мамыр айының үздік балуаны деп танылды. United World Wrestling ұйымы осындай шешім шығарды. Мұндай жетістікке Айтмұханның Вьетнамда U23 жас санатында өткен Азия чемпионатындағы сенімді жеңісі себеп болды.
"Айтмұхан U23 Азия чемпионатында 125 келіге дейінгі салмақта үш белдесудің бәрін техникалық басымдықпен жеңіп, жас санаттары арасындағы екінші құрлықтық титулын иеленді", — деп жазды ұйым.
Ризабек Айтмұхан финалда Үндістан өкілі Лакимен кездесіп, айқасты мерзімінен бұрын аяқтады. Қазақстандық балуан 10:0 есебімен жеңіске жетіп, алтын медальді сенімді түрде иеленді.
Финалға дейін де Айтмұхан қарсыластарын айқын басымдықпен жеңген. Ол өзбекстандық Отабек Назирбоевты 11:1, ал қырғызстандық Жағалан Будашаповты 14:4 есебімен ұтты.
UWW басқа үздіктерді де атады
United World Wrestling мамыр айының үздік спортшыларын барлық күрес түрі бойынша жариялады. Еркін күресте бұл атақ Ризабек Айтмұханға бұйырды.
Грек-рим күресі бойынша айдың үздігі Армения өкілі Джанес Назарян атанды. Ал әйелдер күресінде америкалық Кайли Уэлкер ең үздік деп танылды.