"Бес ай дайындалдым": Батыр Жүкембаев жекпе-жегінің өтпейтінін мәлімдеді (ВИДЕО)
Айқас 6 маусым күні Ташкенттегі "Хумо Аренада" өтуі тиіс еді.
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Батыр Жүкембаев Өзбекстан өкілі Шохжахон Эргашевпен жоспарланған жекпе-жегінің өтпейтінін хабарлады. Айқас 6 маусым күні Ташкенттегі "Хумо Аренада" өтуі тиіс еді. Бұл туралы Батыр Жүкембаев Instagram парақшасында мәлімдеді.
Жүкембаевтың айтуынша, ол жекпе-жекке санаулы күн қалғанда жағымсыз хабар алған. Боксшы бұл кездесуге бес ай бойы дайындалғанын және бар күшін салғанын жеткізді.
"Бүгін мен үшін бір жағымсыз жаңалық келді. Жекпе-жек болмайтын болды, бірақ не себептен екені маған белгісіз. Осы бір апта уақыт қалған кезде осындай жаңалық бүгін келді
Өздеріңіз білесіздер, осы бес ай уақыт бойы қаншама еңбек қанша маңдай тер. Мен бұл жекпе жекке шынымды айтсам, тыңғылық дайындалдым. Менің қолымнан не келеді мен барын жасадым деп ойлаймын. Барынша мен осы жекпе жекке жүз пайыз дайын болуға тырыстым", — деді Жүкембаев.
Жағдай өзіне байланысты емес
Қазақстандық боксшы жекпе-жектің өтуі немесе өтпеуі енді өзіне байланысты болмағанын атап өтті. Оның сөзінше, қазіргі жағдай көңілге ауыр тигенімен, ол тоқтап қалмайды.
"Мен қазір бес ай дайындалдым еңбек еттім деп сынып қалмаймын . Енді бұданда мықты боламын, бұданда басқа ұсыныстар болуы мүмкін", — деді ол.
Жекпе-жек бұған дейін де кейінге шегерілген
Батыр Жүкембаев пен Шохжахон Эргашев арасындағы айқас бастапқыда 9 мамырда өтуі керек болған. Кейін ол 6 маусымға ауыстырылды.