Жәнібек Әлімханұлы ұлттық құрама боксшыларымен рингке шықты (ВИДЕО)

Футбол шолушысы

WBO чемпионы Шымкентте ұлттық құрама өкілдерімен дайындыққа кірісті.

Жәнібек Әлімханұлы ұлттық құрама боксшыларымен рингке шықты (ВИДЕО)
Instagram/@janibek_alimkhanuly

Төрт раундтан жұмыс істейміз

Жәнібек өзінің Instagram парақшасында Шымкенттен видео жариялап, алдағы жаттығу жоспары туралы айтты. Боксшының сөзінше, біртіндеп бабына келу үшін құрама жігіттерімен бірнеше раундтық спаррингтер өткізбек.

Әлімханұлы әлеуметтік желідегі видеосында Шымкенттегі ауа райы мен дайындық барысына тоқталды.

“Ассалаумағалейкүм баршаңызға! Қалайсыздар? Бізде бәрі жақсы. Шымкентте күн ыстық. Қазір спаррингке бара жатырмыз. Төрт раундтан жұмыс істейміз, осылайша біртіндеп форма жинаймыз”, — деді Жәнібек.

Сондай-ақ оның сторисінде ұлттық құрама боксшыларымен бірлескен дайындықтың басталғаны хабарланды.

“Ұлттық құрамадағы жігіттермен спаррингті бастадық”, — делінген жазбада.

Қазақстан құрамасы “Алматау” базасында дайындалып жатыр

Қазір бокстан Қазақстан құрамасы Түркістан облысындағы “Алматау” базасында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр.

Бұл жиынға Қазақстаннан бөлек, Өзбекстан, Әзербайжан және Қырғызстан құрамалары да қатысуда. Бірлескен дайындық Қытайдың Гуйян қаласында өтетін әлем кубогының екінші кезеңі алдындағы қорытынды кезеңдердің бірі саналады.

Спаррингтер ұлттық құрама боксшылары үшін де, Жәнібек Әлімханұлы үшін де пайдалы болмақ. Әуесқой бокстың мықты өкілдерімен жұмыс істеу кәсіпқой рингке қайта оралуға дайындалып жүрген чемпионға қосымша тәжірибе береді.

Жәнібек Әлімханұлы титулын қорғауға дайындалады

Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы желтоқсандағы допинг дауына байланысты дисквалификация мерзімін өткеріп жатыр. WBO шешімімен қазақстандық боксшы әлем чемпионы атағын сақтап қалды.

Соған қарамастан алдағы уақытта Жәнібекті маңызды айқас күтіп тұр. Ол жыл соңына қарай WBO белбеуін британдық Дензел Бентлиге қарсы жекпе-жекте қорғауы тиіс.