Таңатаров қолдау білдірді: Еркін күрестен ұлттық құрамаға дағыстандық маман келе ме?
Еркін күрестен Қазақстан құрамасының бапкерлер штабына дағыстандық маман Маирбек Юсупов қосылуы ықтимал.
Таңатаров Юсуповтың кандидатурасын қолдады
Қызығы, бұған дейін легионер спортшылар мен шетелдік бапкерлер мәселесіне қатысты сыни пікір айтып жүрген Ақжүрек Таңатаров бұл жолы Юсуповтың кандидатурасын қолдап отыр. Олимпиада жүлдегері әлеуметтік желідегі парақшасында дағыстандық маманға бірнеше видео арнап, оның Қазақстан құрамасына пайдасы тиетінін жеткізді. Әсіресе Маирбек Юсуповтың қазіргі бас бапкер Данияр Қайсановқа зор көмек көрсете алатынын атап өткен. Бұл жөнінде Sportbugin.kz сайты хабарлады.
Айта кетейік, Ақжүрек Таңатаров бұған дейін легионер балуан Начын Кууларға да қолдау білдірген. Енді оның шетелдік маманды ұлттық құрамаға шақыру мәселесін көтеруі көпшілік арасында түрлі пікір тудыруы мүмкін.
Маирбек Юсупов кім?
Маирбек Юсупов Қарағандыда дүниеге келген. Дегенмен өмірінің негізгі бөлігін Ресей Федерациясының Дағыстан өңірінде өткізген. Қазір Ресей азаматы саналады. Бұған дейін Моңғолия мен Оңтүстік Корея құрамаларында кеңесші ретінде қызмет атқарған.
Ол 2017-2021 жылдар аралығында еркін күрестен Қазақстан құрамасында кеңесші-бапкер болды. Осы кезеңде Токио Олимпиадасында Қазақстан қоржынына қола жүлде салған жалғыз балуан — Артас Сана, яғни Нұрислам Санаев еді. Кейіннен Санаев Ресейге қайта оралды.
Ал 2019 жылғы әлем чемпионатында жүлдегер атанған Нұрқожа Қайпанов пен Дәулет Ниязбековтің нәтижесі көбіне олардың жеке бапкерлерінің еңбегімен байланыстырылады. Сондықтан Юсупов Қазақстанда жұмыс істеген бес жылда ұлттық құрамадан әлем немесе Олимпиада чемпионы шықпағанын да ескермеуге болмайды.
Кейін дағыстандық маман Қытайдың әйелдер құрамасында еңбек етті. Осы тұста “бұрын Қазақстанда айтарлықтай нәтиже көрсете алмаған бапкерді қайта шақыру қаншалықты орынды?” деген сауал туындайды. Оның үстіне Юсупов секілді маманның қызметі арзанға түспейтіні анық.
Қайсановқа тәжірибелі кеңесші керек пе?
Бізге жеткен мәлімет бойынша, қазіргі бас бапкер Данияр Қайсанов кезінде Маирбек Юсуповтың қол астында күрескен. Қайсановтың бапкерлік тәжірибесі әлі көп емес екенін ескерсек, ол алдағы ірі жарыстар алдында Юсупов секілді тәжірибелі шетелдік маманнан кеңес сұрауы мүмкін.
Қазір Қазақстан балуандарының алдында жауапты кезең тұр. Алдағы уақытта төрт жылда бір өтетін Азия ойындары мен елімізде ұйымдастырылатын әлем чемпионаты бар. Ал сәуір айында Бішкекте өткен Азия чемпионатында Қазақстанның еркін күрес шеберлері күткен нәтижені көрсете алмады.
Қазақстан күрес федерациясының баспасөз қызметі Маирбек Юсуповқа қатысты ресми ақпарат пен құжат рәсімдеу жұмыстары әлі толық аяқталмағанын мәлімдеді.