"Ондай ақшаға лайық емессің": Еркебұлан Тоқтар UFC аңызымен жекпе-жектің неге өтпегенін айтты (ВИДЕО)
Еркебұлан Тоқтар UFC-дің бұрынғы чемпионы Энтони Петтистің өзіне жасаған үндеуіне жауап берді.
Петтистің Тоқтарды іздеген видеосы жариялаған
Әлеуметтік желіде Энтони Петтистің “Еркебұлан, қайдасың?” деген видеосы тараған. Бұл үндеуге қазақстандық файтер жауап қатып, жағдайдың қалай болғанын ашық айтты.
Еркебұланның сөзінше, Петтис Қазақстандағы промоушендердің бірінде өнер көрсету үшін келген. Ал бұл лига шамамен екі ай бұрын Тоқтарға хабарласып, Энтони Петтиспен жұдырықтасуға дайын-дайын еместігін сұраған.
Тоқтар қарсыласының деңгейін мойындайтынын жасырмады. Оның айтуынша, Петтис — ММА әлемінде үлкен аты бар файтер. Сондықтан мұндай қарсыласқа қарсы шығу оңай шаруа емес.
“Мен оларға Энтони Петтис — аңыз екенін айттым. Оның деңгейі мен менің деңгейімді салыстырып қараңыздар дедім. Ол мені жеңуі мүмкін, тіпті қатты ұруы да ықтимал. Бұл мен үшін өте ауыр жекпе-жек, өте мықты қарсылас. Мұндай күрделі жұмысқа жақсы ақы төленуі керек”, — деді Еркебұлан.
Осыдан кейін қазақстандық файтер өзінің сұраған гонорарын атаған.
“Ондай ақшаға лайық емессің” деген жауап алған
Еркебұлан Тоқтардың айтуынша, ұйымдастырушылар оның қаржылық талабымен келіспеген. Олар спортшыға “сен ондай ақшаға тұрмайсың” деген мағынада жауап берген.
Ал Тоқтар бұған: “Сіздер ұсынып отырған жекпе-жек те аз ақшаға тұрмайды” деп жауап қайтарған. Осылайша тараптар ортақ келісімге келе алмаған.
Қазақстандық спортшы Петтистің өзіне бағытталған видеосын кездейсоқ әрекет деп санамайды. Оның пікірінше, ұйымдастырушылар мұны алдағы турнирлерге қызығушылық арттыру үшін әдейі жасауы мүмкін.
“Олар оны арнайы “Еркебұлан, қайдасың?” деп айтқызып отыр деп ойлаймын. Бұл келесі жарыстарға жасалған қыздыру болуы мүмкін. Бәлкім, болашақтағы жекпе-жекке дайындық шығар”, — деді Тоқтар.
Тоқтар: “Ақысын төлесе, шығамын”
Еркебұлан Тоқтар Петтистен қорықпайтынын, алайда мұндай деңгейдегі жекпе-жектің бағасы да жоғары болуы керектігін айтты.
“Бізді кездестіргілеріңіз келсе, жекпе-жекті ұйымдастырып, ақысын төлеңіздер. Бұл — өте қиын қарсылас, өте ауыр жұмыс. Логика қарапайым: жеңіл жұмысқа аз төлейді, қиын жұмысқа көп төлейді. Егер ақысын берсе, мен шығамын. Мен одан қорықпаймын”, — деді қазақстандық файтер.
Ол жекпе-жекте кез келген жағдай болуы мүмкін екенін де айтты. Тоқтардың сөзінше, Петтис оны бір соққымен нокаутқа түсіруі де, керісінше өзі америкалықты нокдаунға жіберуі де мүмкін.
“Бокс бойынша еш қиындықсыз шығамын. Қазақстанда бокс ұйымдары бар ғой, ұйымдастырсын. Бокс қолғабымен жұдырықтасуға дайынмын. Ал ММА ережесімен, кішкентай қолғаппен немесе жалаң жұдырықпен шығу — әлдеқайда қиын. Ондай жекпе-жекке көбірек төлеу керек”, — деді ол.
Энтони Петтис кім?
39 жастағы Энтони Петтис — UFC және WEC ұйымдарының жеңіл салмақтағы бұрынғы чемпионы. Ол ММА тарихында ең жарқын, техникалық тұрғыдан мықты әрі күтпеген әдістерімен танылған файтерлердің бірі саналады.
Петтистің негізгі базасы — таэквондо мен кикбоксинг. Ол Бенсон Хендерсонға қарсы жекпе-жекте тордан секіріп жасаған атақты “Showtime Kick” соққысымен жанкүйерлер жадында қалды.
2026 жылдың маусым айында төрт жылдық үзілістен кейін ММА-ға қайта оралмақ. Ол Алматыдағы ORDA Global Fights 1 лигасының дебюттік турнирінде қазақстандық Әділ Боранбаевпен кездеседі деп жоспарланған.
Еркебұлан Тоқтардың келесі жекпе-жегі
Еркебұлан Тоқтар 4 шілде күні Алматыда ресейлік поп-ММА жұлдызы Артем Тарасовқа қарсы жекпе-жек өткізеді. Бұл кездесу IBA NOMAD 15 турнирінің басты кардында өтеді.
Айқас жартылай орта салмақта, ММА қолғаптарымен кулачный жекпе-жек ережесі бойынша ұйымдастырылады. Қос тарап та келісімшартқа ресми түрде қол қойған.