Хамитов пен Царукян арасындағы дау жаңа деңгейге шықты: қос файтер Грузияда кездеседі

Бокс шолушысы

Қазақстандық ММА файтері Қуат Хамитов пен UFC-де өнер көрсететін Арман Царукян арасындағы белдесу ресми түрде бекітілді.

Хамитов пен Царукян арасындағы дау жаңа деңгейге шықты: қос файтер Грузияда кездеседі
sports.kz

Хамитов пен Царукян Тбилисиде кездеседі

Қуат Хамитов пен Арман Царукян арасындағы кездесу 11 шілде күні Тбилисиде өтетін RAF Georgia турнирі аясында ұйымдастырылады. Промоушн мәліметінше, қос файтердің айқасы орта салмақ дәрежесінде өтеді.

Бұл белдесу жанкүйерлер арасында үлкен қызығушылық тудырып отыр. Себебі Хамитов пен Царукян бұған дейін де бір-біріне қатысты өткір пікір айтып, көпшілік алдында сөз таластырған. 

Қуат Хамитовтың соңғы белдесуі

Қазақстандық файтер соңғы рет күрес форматындағы кездесуін 14 ақпан күні Батумиде GFC 36 турнирінде өткізді. Ол бразилиялық Алан Сильваға қарсы джиу-джитсу ережесі бойынша белдесіп, төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетті.

Бұл нәтиже Хамитовтың грэпплинг және партердегі шеберлігін тағы бір мәрте көрсетті.

Арман Царукян RAF турнирінде жеңіске жетті

Ал Арман Царукян соңғы күрес белдесуін 31 мамырда АҚШ-тың Арлингтон қаласында RAF 09 турнирінде өткізді. UFC файтері америкалық Килон “Магзи” Джимисонды мерзімінен бұрын жеңіп, кездесуді 16:5 есебімен аяқтады.

Царукян бұл нәтижесі арқылы еркін күрес пен грэпплингтегі жоғары деңгейін дәлелдеді.

Бұған дейін сөз қақтығысы болған

Қуат Хамитов пен Арман Царукян арасындағы текетірес 2025 жылдың желтоқсанында Мәскеуде ACBJJ 20 турнирі алдындағы баспасөз мәслихатында басталған. 

Сол кезде Хамитов Царукянды қарсылас таңдауда “жеңіл жолды таңдады” деп сынаған. Қазақстандық файтердің айтуынша, Арман джиу-джитсуда мықты балуанмен емес, негізінен соққы техникасына жақын Шара Буллетпен кездесуді таңдаған.

Царукян бұл пікірмен келіспей, қарсыластарды таңдағанда көрермен қызығушылығы мен медиялық тартымдылықты ескеретінін айтқан. Сонымен қатар UFC файтері ұйымдастырушылар жақсы қаржылық ұсыныс жасаса, Қуат Хамитовпен кез келген уақытта белдесуге дайын екенін мәлімдеген.