Асу Алмабаев айқас үшін Әзербайжанға аттанды
Қазақстандық файтер 27 маусымда Бакуде өтетін UFC Fight Night 280 турнирінде америкалық Чарльз Джонсонмен кездеседі.
Қазақстандық танымал UFC файтері Асу Алмабаев келесі жекпе-жегіне дайындықтың қорытынды кезеңін өткізу үшін Әзербайжанға жол тартты. Отандасымыз командасымен бірге Баку қаласына аттанды. Бұл туралы Dar Pro Team баспасөз қызметі хабарлады.
Дайындықтың шешуші кезеңі Бакуде өтеді
Команда мәліметінше, Алмабаев алдағы айқас алдындағы ең маңызды және соңғы оқу-жаттығу кезеңін дәл Бакуде өткізеді.
"Дайындықтың шешуші әрі соңғы кезеңі дәл осы қалада өтеді. Асу 27 маусым күні өтетін жекпе-жегіне тыңғылықты дайындалып, октагонға толық бабында шығуына тілектеспіз", — делінген хабарламада.
Алмабаевтың қарсыласы — Чарльз Джонсон
Асу Алмабаев 27 маусым күні Бакуде өтетін UFC Fight Night 280 турнирінде өнер көрсетеді. Қазақстандық файтердің қарсыласы америкалық Чарльз Джонсон болады. Жекпе-жек аса жеңіл салмақ дәрежесінде өтеді.
Қазіргі таңда Асу Алмабаев UFC рейтингінде сегізінші орында тұр. Ал оның қарсыласы Чарльз Джонсон дивизионның 14-нөмірі саналады.