Қазақстандық балуан Моңғолиядағы турнирде күміс медаль иеленді

Бокс шолушысы

Грек-рим күресінің өкілі Нұрасыл Аманалы Моңғолиядағы “Ұлан-Батыр Оупен” рейтингтік турнирінің финалында жеңіліс тапты.

Қазақстандық балуан Моңғолиядағы турнирде күміс медаль иеленді
olympic.kz

Шешуші белдесуде үндістандық балуанға есе жіберді

97 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен 21 жастағы Нұрасыл Аманалы финалда үндістандық Нитешпен кездесті. Тартысты өткен белдесуде қазақстандық балуан қарсыласына 9:13 есебімен жол берді.

Айта кетейік, Нитеш бұған дейін Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанған. Бір жыл бұрын дәл осы турнирдің шешуші белдесуінде сәтсіздікке ұшыраған үндістандық боз кілем шебері бұл жолғы финалда жеңіске жетті.

Қазақстандық балуан финалға қалай шықты?

Таңғы сессияда Жамбыл облысының өкілі Нұрасыл Аманалы екі қарсыласын сенімді түрде жеңіп, финалға жолдама алған.

Алдымен моңғолиялық Тувшинсана Эрденежаргалды 5:0 есебімен ұтты. Кейін Оңтүстік Корея өкілі Мин Хо Лиді 10:4 нәтижесімен жеңіп, алтын медаль үшін күресуге мүмкіндік алды.

Осылайша грек-рим күресінен Қазақстан ерлер құрамасы “Ұлан-Батыр Оупен” рейтингтік турнирінің бірінші күнінде алтын медаль ала алмады. Нұрасыл Аманалы жарысты күміс жүлдемен аяқтады.