Халықаралық дзюдо федерациясы әлем чемпионаты Қазақстанда өтетінін хабарлады
Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) 2027 жылғы турнирлердің алдын ала кестесін таныстырды. Жарияланған күнтізбеге сәйкес, дзюдодан ересектер арасындағы әлем чемпионаты Қазақстанда өтеді.
Әлем чемпионаты Астанада ұйымдастырылады
Дзюдодан әлем біріншілігі 2027 жылдың 7-14 маусымы аралығында Астанада өтеді деп жоспарланған. Турнир бағдарламасына жеке сынмен қатар командалық жарыстар да енгізіледі.
Бұл дода 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындары алдындағы дзюдо әлеміндегі ең маңызды жарыстардың бірі болмақ. Сондықтан Астанадағы әлем чемпионатына әлемнің үздік татами шеберлері қатысады деп күтіледі.\
IJF жариялаған алдын ала күнтізбеге сәйкес, 2027 жылы Қазақстан аумағында өтетін федерация қарамағындағы жалғыз турнир — дәл осы әлем чемпионаты.
2027 жылғы Grand Slam және Grand Prix турнирлері
2027 жылғы IJF күнтізбесіне бірнеше беделді халықаралық жарыс енгізілген. Grand Slam сериясының турнирлері Париж, Баку, Ташкент, Тбилиси, Душанбе, Ұлан-Батыр, Лозанна, Будапешт, Абу-Даби және Токио қалаларында өтеді.
Ал Grand Prix кезеңдері Линц, Циндао, Лима және Загреб қалаларында ұйымдастырылады.
Осылайша 2027 жылы Астана әлемдік дзюдоның басты орталықтарының біріне айналмақ. Қазақстан жанкүйерлері өз елінде өтетін әлем чемпионатында ұлттық құраманың үздік дзюдошыларын қолдауға мүмкіндік алады.