Хргович, Джалолов және Чжилэйді жеңген Иван Дычко енді әлем чемпионы атанғысы келеді

Жекпе-жек шолушысы

Қазақстандық аса ауыр салмақтағы кәсіпқой боксшы Иван Дычко алдағы жекпе-жегі мен мансабындағы басты мақсаты туралы айтты.

Хргович, Джалолов және Чжилэйді жеңген Иван Дычко енді әлем чемпионы атанғысы келеді
NUR.kz

Дычко Ұлыбританияда шаршы алаңға шығады

Иван Дычко 6 маусым күні Борнмут қаласында кезекті кездесуін өткізеді. Оның қарсыласы — жеңіліп көрмеген британиялық боксшы Харви Дайкс.

Бұл жекпе-жек қазақстандық боксшы үшін ерекше маңызға ие. Себебі Дычко Лондон Олимпиадасынан кейін алғаш рет Ұлыбританияда жұдырықтасқалы отыр. Еске салсақ, ол 2012 жылғы Олимпиада ойындарында жартылай финалда Энтони Джошуаға есе жіберген.

Есімімді бокс тарихынан көргім келеді

Дычко кәсіпқой бокста әлі де үлкен мақсаттары бар екенін атап өтті. Ол әлемдік деңгейдегі белбеу үшін күресуге ниетті.

“Әрине, әлем чемпионы болғым келеді. Өз есімімді бокс тарихынан көргім келеді. Әуесқой бокста жинаған мол тәжірибемді кәсіпқой рингте пайдаланып жүрмін”, — деді Иван Дычко Sky Sports-қа берген сұхбатында.

Кәсіпқой бокстағы көрсеткіші

Иван Дычко кәсіпқой мансабында 15 жекпе-жек өткізіп, оның 14-інде қарсыластарын нокаутпен жеңген. Еншісінде бір ғана жеңіліс бар.

Ол былтыр қыркүйекте америкалық Джермейн Франклин-кішіге есе жіберген. Бұл нәтиже Дычконың кәсіпқой рингтегі алғашқы сәтсіздігі болды.

Әуесқой бокста мықтыларды жеңген

Иван Дычко әуесқой бокста Қазақстан құрамасының көшбасшыларының бірі болды. Олимпиада ойындарының екі дүркін қола жүлдегері атанып, әлемдік деңгейдегі бірнеше танымал боксшымен кездескен.

Әуесқой мансабында Филип Хргович, Баходир Джалолов және Чжан Чжилэй секілді аса ауыр салмақтың белгілі өкілдерін жеңген.