"Қазақ боксының королі" Сұлтан Зәуірбектің үміткерлік жекпе-жегі жаңа күнге ауысты

Жекпе-жек шолушысы

Қазақстандық кәсіпқой боксшының IBF белбеуіне ресми үміткерді анықтайтын маңызды жекпе-жегі басқа күнге жоспарланды.

"Қазақ боксының королі" Сұлтан Зәуірбектің үміткерлік жекпе-жегі жаңа күнге ауысты
instagram/@sultanzaurbek

Маңызды кездесулер кейінге шегерілді

Осы апта қазақстандық кәсіпқой бокс үшін бірнеше өзгеріспен есте қалды. Бұған дейін Батыржан Жүкембаев пен өзбекстандық Шохжахон Эргашев арасындағы жекпе-жектің де мерзімі ауысқаны белгілі болған еді. Алғашында бұл кездесу 6 маусым күні Ташкентте өтуі тиіс болатын. Кейін бокс кеші 25 шілдеге белгіленді.

Енді BoxRec статистикалық порталындағы мәліметке сәйкес, тағы бір қазақстандық боксшының кездесуі жаңа датаға қойылған.

Сұлтан Зәуірбек пен Джексон Ингланд қашан жұдырықтасады?

BoxRec дерегінше, екінші жартылай жеңіл салмақтағы IBF нұсқасы бойынша ресми үміткер атағы үшін өтетін жекпе-жекте Сұлтан Зәуірбек австралиялық Джексон Инглэндпен кездеседі.

Аталған бокс кеші 17 шілде күні Австралияның Перт қаласында өтуі мүмкін.

Дегенмен әзірге Сұлтан Зәуірбектің тарапы да, қарсыласының командасы да жекпе-жектің ауысқаны туралы ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Сонымен қатар BoxRec порталында бұл кездесу сұрақ белгісімен көрсетілген. Бұл ақпараттың әзірге алдын ала сипатта екенін аңғартады.

Сұлтан Зәуірбек — Қазақстандағы ең мықты кәсіпқой боксшыларының бірі

Сұлтан Зәуірбек қазір қазақстандық кәсіпқой бокстағы ең жарқын есімдердің қатарына кіреді. Ол кәсіпқой рингте 20 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның 13-і нокаутпен аяқталған.

Рингтегі өткір стилі мен сенімді өнерінің арқасында Сұлтан Зәуірбек спорттық медиада "Қазақ боксының королі" деген лақап атқа ие болды.

Қарсыласы өз жерінде жұдырықтасады

Зәуірбектің қарсыласы Джексон Инглэнд та тәжірибелі боксшылардың бірі. Оның еншісінде 19 жеңіс бар, 10-ы мерзімінен бұрын аяқталған. Сонымен қатар ол кәсіпқой мансабында 3 рет жеңілген.

Бұл кездесу Сұлтан Зәуірбек үшін мансабындағы ең маңызды айқастардың бірі болмақ. Егер қазақстандық боксшы жеңіске жетсе, IBF нұсқасы бойынша чемпиондық белбеуге ресми үміткер атанады.