Назым Қызайбай мен Аида Әбікеева Қытайда рингке шықты (ВИДЕО)

Спорт шолушысы

Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасы Қытайдың Гуйян қаласында өтетін әлем кубогының екінші кезеңіне дайындықты жалғастырып жатыр.

Назым Қызайбай мен Аида Әбікеева Қытайда рингке шықты (ВИДЕО)
olympic.kz

Гуйяндағы жаттығулар

Екі дүркін әлем чемпионы Аида Әбікееваның бапкері Ислам Әбдірайымов өзінің Instagram парақшасында шәкіртінің спаррингінен видео жариялады.

Бапкердің мәліметінше, Қазақстан әйелдер құрамасы Гуйянда Қытай құрамасына қарсы екінші күн қатарынан жаттығу жекпе-жектерін өткізуде.

Осыған ұқсас видеоларды ұлттық құраманың капитаны Назым Қызайбайдың әлеуметтік желідегі парақшасынан да көруге болады.

Құрама Қытайға 9 боксшымен барды

Қазақстан әйелдер құрамасының Гуйяндағы оқу-жаттығу жиыны 3 маусымда басталды. Бас бапкер Елдос Сайдалин жетекшілік ететін команда Қытайға 9 боксшыдан құралған құраммен аттанды.

World Boxing ұйымының аясындағы әлем кубогының екінші кезеңі 15-21 маусым аралығында өтеді.

Жарысқа әлемнің 50-ден астам елінен ерлер және әйелдер құрамаларының боксшылары қатысады деп жоспарланған. Бұл турнир ресми рейтингілік жарыс саналады.

Айта кетейік, әлем кубогының алғашқы кезеңі сәуір айында Бразилияда өткен. Ал серияның қорытынды финалын 2026 жылдың қараша айының соңы мен желтоқсан айының басында Ташкент қабылдайды.