Боксшы Дулат Бекбауов Шавкат Рахмоновтың командасына қосылды (ВИДЕО)
Дулат Бекбауов аралас жекпе-жек әлеміне қадам басты.
Дулат Бекбауов DarTeam сапына өтті
DarTeam командасы әлеуметтік желідегі ресми парақшасында Дулат Бекбауовтың қатарға қосылғанын хабарлады.
"Дулат Бекбауов — DarTeam командасының ресми жауынгері. Дулат — 2023 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Сонымен қатар Азия чемпионатының күміс жүлдегері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы және халықаралық турнирлердің жеңімпазы", — делінген хабарламада.
Бокстағы жарқын жолы
Дулат Бекбауов ұзақ жылдар бойы бокстан Қазақстан құрамасының намысын қорғады. 2023 жылы Ташкенттегі әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алды.
Сонымен қатар Бекбауов 2022 және 2024 жылдары Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Оның еншісінде 2024 жылғы Странджа кубогындағы жеңіс пен 2021 жылғы Қазақстан чемпионы атағы да бар.
Бекбауов 2026 жылдың наурыз айында Таразда кәсіпқой бокстағы үшінші кездесуін өткізді. Ол өзбекстандық Абдурасул Исмоиловты мерзімінен бұрын жеңіп, жартылай орта салмақта WBC Turan чемпионы атағын иеленді.
DarTeam құрамында кімдер бар?
DarTeam халықаралық аренада қазақстандық ММА жанкүйерлеріне жақсы таныс файтерлерді біріктіреді. Команданың басты өкілдері қатарында UFC файтерлері Шавкат Рахмонов пен Асу Алмабаев бар.
Сондай-ақ ТМД аймағындағы турнирлерде Фаниль Рафиков, Қазбек Сағын және өзге де спортшылар DarTeam намысын қорғап жүр.