"Әуелі жеңіп ал": Марсель Еркебұлан Тоқтарға реванш алдында талап қойды (ВИДЕО)
Қырғызстандық ММА файтері Марсель Нұрланбек уулу Еркебұлан Тоқтарға ықтимал реваншқа қатысты өз талаптарын айтты.
Марсель реваншқа дайын екенін жеткізді
Марсельдің айтуынша, оған Еркебұлан Тоқтардың сұхбаты бірнеше дереккөз арқылы жіберілген. Онда қазақстандық файтер Марсельмен қарымта жекпе-жек өткізуге дайын екенін және кез келген ережемен жұдырықтасуға келісетінін айтқан.
Қырғызстандық файтер бұл мәлімдемеге жауап беріп, алдымен екеуі де алдағы жекпе-жектерін сәтті өткізуі керек екенін атап өтті.
"Еркебұлан, былай жасайық. Мен қазір Octagon лигасында өнер көрсетіп жүрмін. 27 маусымда жекпе-жегім бар. Қарсыласым өте мықты, BMF белбеуіне үміткер болған спортшылардың бірі. Әуелі сол кездесуді өткізіп, жеңіске жетуге тырысамын. Сен де шілдедегі жекпе-жегіңді жең. Сонда біздің келесі айқасымыз шынымен қызық болады", — деді Марсель.
Реванш ММА ережесі бойынша өтуі мүмкін
Марсель Нұрланбек уулу реванштың ММА ережесімен өткенін қалайтынын жасырмады. Оның сөзінше, аралас жекпе-жекте кез келген нәтиже болуы мүмкін.
"ММА-да бәрі мүмкін. Еркебұлан да жеңуі мүмкін, мен де жеңуім мүмкін. Спортта түрлі жағдай болады. Егер сен “кез келген ережемен” деп айтсаң, онда ММА-ға кел. BMF белбеуіңді қорғайсың ба, жоқ па, титулдық жекпе-жек бола ма, қарапайым айқас бола ма — айырмашылығы жоқ", — деді файтер.
Жекпе-жек Қазақстанда немесе Қырғызстанда ұйымдастырылуы ықтимал
Марсель реваншты Қазақстанда да, Қырғызстанда да өткізуге болатынын айтты. Сонымен қатар салмақ мәселесіне де тоқталды.
"Қазір мен 77 келіде өнер көрсетіп жүрмін. Сен 75 келіде төбелескің келетінін айттың — 75 келі болсын. Бұған дейін сендер маған 77 келіге көтеріл деп айттыңдар. Мен көтерілдім. Енді сен менің ережеммен келіп көр. Сонда қандай жекпе-жек болатынын көреміз", — деді Марсель.
Марсель бұл реванш жанкүйерлер үшін қызықты әрі тартысты болатынына сенімді. Оның пікірінше, екі спортшы да көрерменге сапалы шоу мен мықты жекпе-жек ұсына алады.
Сөз соңында Марсель Еркебұланға алдағы жекпе-жегін жарақатсыз өткізуге тілектестік білдіріп, реванш мәселесі кейін нақты талқыланатынын айтты.