Қазақстандық балуан Моңғолиядағы беделді турнирдің финалында жеңілді
Еркін күрес шебері Асыл Айтақын Моңғолия астанасындағы "Ұлан-Батыр Оупен" рейтингтік турнирінде күміс жүлдегер атанды.
Үндістандық балуанға есе жіберді
Еркін күрестен 2024 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Асыл Айтақын 61 келіге дейінгі салмақта алтын медаль үшін белдесуге шықты. Шешуші кездесуде қазақ балуаны үндістандық Дипакпен күш сынасты. Белдесу үндістандықтың пайдасына аяқталды – 6:0.
Осылайша Асыл Айтақын Моңғолиядағы рейтингтік турнирде алтын медальға бір қадам жетпей, жарысты екінші орынмен қорытындылады.
Финалға қалай шықты?
Асыл Айтақын турнир барысында бірнеше тартысты белдесу өткізді. Алдымен ирандық Ахор Катериді 4:2 есебімен жеңді. Кейін жартылай финалда кілем иесі моңғолиялық Батнасан Ганкулегпен кездесті. Бұл белдесу де өте тартысты өтіп, Айтақын 3:2 есебімен басым түсті.
Осы салмақ дәрежесінде Қазақстан құрамасының тағы бір өкілі Әділет Әлмұхамедов те жүлде үшін күресті. Қола медаль үшін белдесуде ресейлік Баир Баяндуевты 4:0 есебімен тізе бүктірді.