"Оң көзім көрмей қалды": Жұмағұлов Севериномен даулы жекпе-жектен кейін мәлімдеме жасады

Жекпе-жек шолушысы

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Жалғас Жұмағұлов Игор Севериномен өткен айқастан кейін денсаулығына қатысты ауыр жағдайды айтты.

"Оң көзім көрмей қалды": Жұмағұлов Севериномен даулы жекпе-жектен кейін мәлімдеме жасады
instagram/@zhumagulov_zhalgas

Жекпе-жектен кейін не деді?

Жалғас Жұмағұлов Бразилия өкілі Игор Севериномен болған жекпе-жектен кейін әлеуметтік желіде арнайы мәлімдеме жариялады. Файтер бұл жазбаны ақталу үшін емес, болған оқиғаға ұйымдастырушылардың назарын аудару мақсатында жазғанын жеткізді.

“Ассалаумағалейкүм! Кеше өтпей қалған жекпе-жекке қатысты жағдайды түсіндіргім келеді. Мансабымда түрлі қарсыластарды көрдім. Бірақ денсаулыққа қатер төндіретін, тіпті адам өміріне қауіп келтіруі мүмкін мұндай лас әрі қауіпті әрекеттерге барғандарын кездестірмеппін”, — деді Жұмағұлов.

Қарсыласының саусағы көзіне тиіп кеткен

Жұмағұловтың айтуынша, бірінші раундта қарсыласының қауіпті болатынын командасы алдын ала білген. Дегенмен файтердің сөзінше, оның жағдайына нокдаун емес, көзге тиген саусақ әсер еткен.

“Біз бірінші раундта қарсылас қауіпті болатынын жақсы түсіндік және оған дайын едік. Бірақ ешқандай нокдаун болған жоқ. Менің жағдайымның нашарлауына оның саусағы көзіме тиюі себеп болды. Осыдан кейін көзім бұлдырап, екеу болып көріне бастады. Мен торға қарай шегінуге мәжбүр болдым және әрі қарай мінез бен түйсікке сүйеніп қана қимылдадым”, — деп жазды қазақстандық спортшы.

Сондай-ақ ол этикалық себептерге байланысты зәр шығару кезінде қан болғанын көрсететін суреттерді жарияламағанын мәлімдеді.

“Оң көзіммен көрмей тұрмын”

Жалғас Жұмағұлов жарияланымындағы “карусельде” жекпе-жек кезіндегі даулы сәттерді көрсетіп, өзінің көзқарасын егжей-тегжейлі түсіндірді. Спортшы қазіргі жағдайының алаңдатарлық екенін айтты.

“Қазір оң көзіммен көрмей тұрмын. Бұл уақытша ма, жоқ па — оны алдағы медициналық тексерістер көрсетеді. Қазіргі факт мынау: сол эпизодтан кейін мен оң көзімнің көру қабілетін жоғалттым”, — деді Жалғас Жұмағұлов.

Жұмағұлов - Северино жекпе-жегі неге тоқтатылды?

Еске салайық, Жалғас Жұмағұлов пен Игор Северино арасындағы жеңіл салмақтағы титулдық жекпе-жек Братиславада Oktagon 89 турнирінде ұйымдастырылды.

Кездесу екінші раундта тоқтатылды. Себебі бразилиялық файтер қазақстандыққа қарсы тыйым салынған әдіс қолданып, шап тұсынан соққы жасаған. Осыдан кейін төреші айқасты жалғастыру мүмкін емес деп танып, жекпе-жек өтпеді деп есептелді.