Мейірім Нұрсұлтанов Дана Уайттың промоушенындағы жұлдызбен рингке шықты

Жекпе-жек шолушысы

Кәсіпқой боксшы Мейірім Нұрсұлтанов АҚШ-тағы оқу-жаттығу жиыны кезінде ирландиялық Каллум Уолшпен бірнеше раундтық спарринг өткізді. Екі боксшы да кәсіпқой рингте әлі жеңіліп көрмеген.

Мейірім Нұрсұлтанов Дана Уайттың промоушенындағы жұлдызбен рингке шықты
instagram/@meiirim.nursultanov

Нұрсұлтанов АҚШ-та дайындық жүргізіп жатыр

Қазақстандық боксшы кезекті жекпе-жегіне дайындықты АҚШ-та жалғастыруда. Отандасымыз Лос-Анджелесте бапкер Кристофер Камачоның жетекшілігімен жаттығу лагерін өткізіп жатыр.

Оқу-жаттығу жиыны барысында Нұрсұлтанов ирландиялық боксшы Каллум Уолшпен спаррингке шықты. Уолш та кәсіпқой бокста жеңіліссіз келе жатқандардың бірі.

Төрт раундтық спарринг

Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры Рауан Игенев Instagram парақшасында Нұрсұлтановтың АҚШ-тағы дайындығынан видео жариялады.

Бейнежазбада екі боксшының спаррингтен кейін рингте бірге тұрған сәті көрсетілген.

"Спаррингтер аяқталды. Төрт раундтық спарринг болды", — деп жазды Рауан Игенев сторисінде.

Мейірім WBC титулына жақындады

Бұған дейін Мейірім Нұрсұлтановтың орта салмақтағы WBC чемпионы атағына үміткерлік жекпе-жекке дайындалып жатқаны хабарланған.

Қазір қазақстандық боксшы WBC рейтингінде орта салмақта бірінші орында тұр. Ал бұл дивизиондағы чемпиондық белбеу доминикандық Карлос Адамеске тиесілі.

Каллум Уолш кім?

Ирландиялық Каллум Уолш спорт әлемінде UFC басшысы Дана Уайттың қолдауымен кеңінен танылды. Уайт оны белсенді түрде алға тартып, өзінің бокс бағытындағы Zuffa Boxing промоутерлік жобасының негізгі тұлғаларының бірі ретінде таныстырып жүр.

Қазір Уолш IBF, WBC және WBO нұсқалары бойынша үздік ондыққа кіретін боксшылардың қатарында.