Балуандар Будапештте екі қола медаль жеңіп алды

Футбол шолушысы

Еркін күрес шеберлері Мейрамбек Қартбай мен Нұрданат Айтанов Венгрия астанасындағы беделді рейтингтік турнирде жеңіс тұғырына көтерілді.

Балуандар Будапештте екі қола медаль жеңіп алды
NUR.kz

Қартбай әзербайжандық балуанды жеңді

Мейрамбек Қартбай қола медаль үшін өткен белдесуде әзербайжандық Ислам Базаргановпен кездесті. Қазақ балуаны қарсыласынан 6:1 есебімен басым түсіп, турнир жүлдегері атанды.

Қартбай жарысты іріктеу кезеңінен бастап, болгариялық Ивайло Тисовты жеңді. Ширек финалда үндістандық Аман Аманға 3:10 есебімен есе жіберді.

Бірақ үнді балуаны финалға шыққандықтан Мейрамбек жұбаныш белдесуіне қатысуға мүмкіндік алды. Бұл кезеңде ол грузиялық Николоз Бочорошвилиді 7:2 есебімен жеңіп, қола медаль үшін күресуге жолдама алды.

Нұрданат Айтанов та қола жүлдегер атанды

Осы салмақта өнер көрсеткен Нұрданат Айтанов та үздік үштіктен көрінді. Ол үшінші орын үшін өткен белдесуде канадалық Тимоти Левайнды 6:2 есебімен жеңді.

Айтанов іріктеу кезеңінде Оңтүстік Корея өкілі Ким Сун Воннан 4:1 есебімен басым түсті. Ширек финалда қазақстандық Мерей Базарбаевты 5:3 есебімен ұтты.

Нұрданат жартылай финалда грузиялық Роберт Дингашвилиге 1:6 есебімен жол беріп, кейін қола медаль үшін белдесуге шықты.