Алғашқы "алтын": Бибарыс Әшірбай - Азия чемпионы (ВИДЕО)

Бас редактор

Отандасымыз U19 санатында 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жапониялық қарсыласын айқын жеңіп, ерлер құрамасына турнирдегі алғашқы алтын медальді әкелді.

Алғашқы "алтын": Бибарыс Әшірбай - Азия чемпионы (ВИДЕО)
Aikyn.kz

Индонезия астанасы Джакартада бокстан 19 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатының финалдық жекпе-жегі өтті. Қазақстан құрамасының өкілі Бибарыс Әшірбай 70 келіге дейінгі салмақта алтын медаль үшін рингке шықты.

Финалда Жапония өкілімен кездесті

Шешуші айқаста Бибарыс Әшірбай жапониялық Кунимитцу Хонжомен жұдырықтасты.

Қазақстандық боксшы финалда сенімді өнер көрсетті. Ол жекпе-жек барысында қарсыласынан белсендірек әрі дәлірек қимылдап, төрешілер алдында айқын басымдық танытты.

Жекпе-жек қорытындысы бойынша барлық төреші жеңісті Бибарыс Әшірбайға берді. Есеп — 5:0.

Қазақстан ерлер құрамасының алғашқы алтыны

Бибарыс Әшірбайдың жеңісі Қазақстан ерлер құрамасы үшін ерекше маңызды болды. Бұл — отандастарымыздың Джакартадағы құрлықтық турнирде ерлер арасындағы алғашқы алтын медалі.

Бұған дейін қазақстандық боксшылар бірнеше финалда күміспен шектелген еді. Әшірбай сол серияны тоқтатып, Қазақстан қоржынына ерлер арасындағы алғашқы алтынды салды.

Қазақстаннан 22 боксшы финалға шықты

Азия чемпионаты 3-16 шілде аралығында Индонезияның Джакарта қаласында өтіп жатыр.

Қазақстан құрамасы турнирге 39 боксшымен қатысқан. Олардың 22-сі финалға дейін жетіп, алтын медаль үшін жұдырықтасу құқығына ие болды.

Еске салайық, 15 шілде күні Қазақстанның қыздар құрамасы финалдық жекпе-жектерде жоғары нәтиже көрсетті. Отандастарымыз алты алтын медаль жеңіп алса, тағы үш қазақстандық боксшы күміс жүлдегер атанды.