АЧ-2026: Суперауыр салмақтағы Саможонов финалда өзбек қарсыласын қапы қалдырды

Бокс шолушысы

Отандасымыз U19 санатында 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Өзбекстан өкілі Ислам Салиховты тартысты финалда ұтты.

АЧ-2026: Суперауыр салмақтағы Саможонов финалда өзбек қарсыласын қапы қалдырды
sportarena.kz

Индонезия астанасы Джакартада бокстан U19 және U23 жас санаттары арасындағы Азия чемпионатының финалдық жекпе-жектері өтіп жатыр. Қазақстан құрамасының өкілі Владислав Саможонов 19 жасқа дейінгі спортшылар арасында 90 келіден жоғары салмақта алтын медаль үшін рингке шықты.

Финалда Өзбекстан өкілімен кездесті

Шешуші айқаста Владислав Саможонов Өзбекстан боксшысы Ислам Салиховпен жұдырықтасты.

Қазақстан мен Өзбекстан өкілдері арасындағы бұл финал аса тартысты өтті. Екі боксшы да алғашқы раундтан бастап ашық айқасқа барып, бір-біріне жиі шабуыл жасады.

Алғашқы үш минуттықта қарсыластар шабуыл алмасып, рингте ымырасыз күрес көрсетті. Дегенмен Саможонов соққыларын дәлірек жеткізіп, төрешілер алдында басым көрінді. Раунд қорытындысы бойынша қазақстандық боксшы 4:1 есебімен алға шықты.

Екінші раундта Ислам Салихов белсендірек қимылдап, жекпе-жек барысын өзгертуге тырысты. Өзбекстандық боксшы кей сәттерде басымдық танытып, есеп айырмасын қысқартуға мүмкіндік алды. Бұл финалдың тағдырын үшінші раундқа қалдырды.

Шешуші раундтағы шайқас

Қорытынды үш минуттықта екі боксшы да қатты шаршағанына қарамастан, жеңіс үшін бар күшін салды. Финалдық гонгтан кейін Саможонов та, Салихов та қолын жоғары көтеріп, жеңіске үмітті екенін көрсетті. Алайда төрешілердің шешімі Қазақстан боксшысының пайдасына шықты.

Айта кетейін, бұған дейін 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жұдырықтасатын Бибарыс Әшірбай жапониялық қарсыласын айқын жеңіп, ерлер құрамасына турнирдегі алғашқы алтын медальді әкелген еді.