Нұрасыл Төлебек Азия чемпионаты финалындағы екі нокдаунмен екінші орын алды

Бас редактор

Қазақстандық боксшы Нұрасыл Төлебек Джакартада өтіп жатқан жастар арасындағы Азия чемпионатының финалында Жапония өкіліне есе жіберді. 

Нұрасыл Төлебек Азия чемпионаты финалындағы екі нокдаунмен екінші орын алды
https://olympic.kz/

Индонезия астанасы Джакартада бокстан U23 жас санатындағы Азия чемпионатының финалдық жекпе-жектері жалғасып жатыр. Қазақстан құрамасының өкілі Нұрасыл Төлебек 60 келіге дейінгі салмақта алтын медаль үшін рингке шықты.

Финалда Жапония өкілімен кездесті

Шешуші жекпе-жекте Нұрасыл Төлебек жапониялық Коичи Накаямаға қарсы жұдырықтасты.

Кездесу қазақстандық боксшы үшін ауыр басталды. Бірінші раундта Нұрасыл қарсыласының қуатты қарсы соққысын өткізіп алды. Артынша төреші оған нокдаун есептеді.

Соған қарамастан, Нұрасыл Төлебек белсенділігін жоғалтқан жоқ. Қазақстандық боксшы алға ұмтылып, шабуылда агрессивті қимылдады. Осының арқасында ол екі төрешінің дауысын өз пайдасына ала алды. Дегенмен бірінші раунд 3:2 нәтижесінде жапониялық спортшының пайдасына аяқталды.

Екінші үш минуттықта Төлебек тағы да қарсыласының дәл соққысына тап болды. Коичи Накаяма қуатты түзу соққымен қазақстандық боксшыны екінші рет нокдаунға түсірді.

Қорытынды раундта Төлебек кездесудің тағдырын өзгертуге тырысты. Алайда Накаяма басымдығын сақтап, жекпе-жекті өз пайдасына аяқтай білді.

Айта кетейік, бұған дейін суперауыр салмақтағы Владислав Саможонов өзбек қарсыласын қапы қалдырып, алтын медаль иеленген еді.