"Канелоның" бапкері Бек Нұрмағанбеттің жекпе-жегін жариялады
Мексикалық бокс жұлдызы Сауль Альварестің бапкері Эдди Рейносо қазақстандық Бек Нұрмағанбеттің алдағы жекпе-жегіне назар аударды.
Бек Нұрмағанбет Алматыда рингке шығады
Қазақстандық боксшының кәсіпқой рингтегі көрсеткіші — 15 жеңіс, 13 нокаут. Ал оның қарсыласы Артыш Лопсан 19 жекпе-жек өткізіп, 14 рет жеңіске жеткен. Оның еншісінде тоғыз нокаут бар.
Нұрмағанбет пен Лопсан арасындағы рейтингтік жекпе-жек сегіз раундқа жоспарланған.

Бокс кеші 25 шілдеде Алматыда өтеді. Турнирдің басты жекпе-жегінде қазақстандық Али Ахмедов IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағы үшін рингке көтеріледі.
Ұзақ үзілістен кейінгі жекпе-жек
Бек Нұрмағанбет үшін бұл кездесу ұзақ уақыттан кейін Қазақстанда өтетін алғашқы айқас болмақ. Ол соңғы жылдары жекпе-жектерінің басым бөлігін шетелде өткізіп жүр.
Қазақстандық боксшы 2021 жылдан бері АҚШ-та Эдди Рейносоның жетекшілігімен жаттығады. Сан-Диегодағы әйгілі залда Сауль Альварес және "Canelo Team" командасының басқа да боксшыларымен бірге дайындық жүргізеді.
Бек Нұрмағанбеттің халықаралық аренадағы мүддесін Эдди Рейносоға тиесілі No Boxing No Life менеджерлік компаниясы қорғайды.
Осының арқасында қазақстандық боксшы бірнеше рет Сауль Альварестің ірі бокс кештерінде, соның ішінде Лас-Вегаста өткен турнирлердің андеркардында өнер көрсетті.