"Бақыттан бірден нәтиже күтпеңдер": Тұрсынғали Еділов Сәрсекбаевты сыннан қорғады

Жекпе-жек шолушысы

Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Джакартада өткен жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионатының қорытындысына қатысты пікір білдірді.

"Бақыттан бірден нәтиже күтпеңдер": Тұрсынғали Еділов Сәрсекбаевты сыннан қорғады
фото ашық дереккөзден алынды

“Әр жеңілістен кейін кінәлі іздеудің қажеті жоқ”

Маман сәтсіз нәтижелерден кейін төрешілерді немесе сыртқы жағдайларды айыптаудан гөрі, нақты мәселелерді анықтап, оларды жан-жақты саралау маңызды деп есептейді.

“Қазір көптеген мемлекет, әсіресе Өзбекстан, жастар мен жасөспірімдер спортын дамытуға үлкен мән береді. Соның арқасында олар Азияда ғана емес, әлемдік деңгейде де қуатты елге айналды. Әр жеңілістен кейін төрешіліктен немесе басқа жағдайлардан кінәлі іздей берудің қажеті жоқ. Ең алдымен федерация нақты проблемаларды анықтап, себеп-салдарын талдап, жүйелі жұмыс құруы керек”, – деді Еділов.

Тұрсынғали Еділов Бақыт Сәрсекбаевтан бірден жоғары нәтиже күтудің дұрыс еместігін жеткізді. Оның пікірінше, қазіргі дайындалып жатқан боксшылар ересектер деңгейіне өткен кезде ғана жаттықтырушы жұмысының шынайы бағасы көрінеді.

“Бақыттан бірден нәтиже талап етуге болмайды. Оның еңбегінің жемісі қазіргі шәкірттері ересектер боксына ауысқанда байқалады. Сондықтан оның жанында тәжірибелі мамандардан құралған мықты команда болуы қажет. Сонымен қатар қазір жеке шәкірті жоқ білікті жаттықтырушыларды тартып, бәріне бірлесе жұмыс істеуге мүмкіндік беру керек”, – деді ол.

Қазақстан U19 құрамасының нәтижесі

Бейжің Олимпиадасының 2008 жылғы чемпионы Бақыт Сәрсекбаев Қазақстанның U19 ерлер құрамасымен бірге Азия чемпионатына аға жаттықтырушы ретінде барды.

Бұл жас санатында Өзбекстан құрамасы жалпыкомандалық есепте айқын басымдық танытты. Көрші елдің боксшылары:

  • 7 алтын;
  • 1 күміс;
  • 1 қола медаль жеңіп алды.

Ал Бақыт Сәрсекбаев бастаған Қазақстан құрамасы 2 алтын, 4 күміс және 2 қола жүлде еншіледі.

Өзбекстан жалпы есепте көш бастады

Джакартадағы Азия чемпионатының жалпыкомандалық есебінде де Өзбекстан бірінші орынға ие болды. Олар 21 алтын, 6 күміс және 6 қола медаль жеңіп алды.

Қазақстан құрамасы 11 алтын медаль иеленіп, қарсыласынан жоғары санатты жүлде саны бойынша 10 алтынға қалып қойды.