Олимпиада жүлдегері Демеу Жадыраев Будапешттегі турнирде медальсіз қалды
Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының өкілі Демеу Жадыраев Венгрия астанасындағы халықаралық рейтингтік турнирде медальға қол жеткізе алмады.
Алғашқы белдесуінде жеңіліс тапты
Олимпиада жүлдегері 82 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсті. 1/8 финалда түркиялық Бурхан Акбудакпен кездесті.
Тартысты өткен белдесу 7:6 есебімен түркиялық балуанның пайдасына аяқталды. Осылайша Демеу Жадыраев турнирдегі негізгі бәсекеден шығып қалды.
Жадыраевтың жұбаныш кезеңіне өтуі Бурхан Акбудактың келесі нәтижесіне байланысты еді. Дегенмен түркиялық балуан ширек финалда Бахрейн атынан өнер көрсететін Шахин Эйдимохаммад Бадагимофрадқа 1:7 есебімен есе жіберді.
Акбудак финалға жете алмағандықтан қазақстандық бозкілем шебері жұбаныш белдесуіне қатысу құқығынан айырылды.
Демеу Жадыраевтың басты жетістіктері
Демеу Жадраев – грек-рим күресіндегі Қазақстанның ең тәжірибелі балуандарының бірі.
Оның еншісінде:
- 2024 жылғы Олимпиада ойындарының күміс медалі;
- 2017 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдесі;
- 2018 жылғы Азия чемпионатының күміс медалі;
- 2015, 2019 және 2021 жылдардағы Азия чемпионатының қола жүлделері бар.