ҚПЛ Футбол Бәрі-бір Жекпе-жек Жаңалықтар Хоккей Авто Теннис Фитнес Киберспорт Болжам Ойыннан тыс Чемпиондар лигасы
ҚПЛ ҚПЛ 25-тур

Жүсіповтің бапкері Қазақстан құрамасындағы әділетсіздік туралы айтты

IBA әлем чемпионы Абылайхан Жүсіповтің жеке бапкері Александр Насибулин шәкіртінің Жапониядағы Азия ойындарына не себепті қатыспайтынын түсінбейтінін мәлімдеді.

Жүсіповтің бапкері Қазақстан құрамасындағы әділетсіздік туралы айтты
коллаж sportarena.kz

Іріктеу жекпе-жегі жайлы

Александр Насибулиннің айтуынша, Абылайхан Жүсіпов пен Төрехан Сабырхан арасында арнайы спарринг немесе ресми іріктеу өткізілмеген. Бапкер осыған байланысты шешімнің әділдігіне күмән келтірді.

"Абылайхан мен Төрехан арасында ешқандай іріктеу спаррингі болған жоқ. Үдерісте ашықтық көрінбейді. Демек бас бапкерге Шымкент федерациясы тарапынан қысым жасалып, бокс федерациясымен белгілі бір келісім болған деп ойлаймын.

Моңғолиядағы Азия чемпионатында Төрехан Сабырхан барлық көрсеткіш бойынша иорданиялық Зияд Ишаиштан жеңілді. Ал Қытайда өткен әлем кубогында біздің боксшы сол қарсыласын екінші раундта жеңді. Сонда бапкерлер Төреханды қандай негізге сүйеніп таңдады?" — деді Насибулин.

Бұл — Александр Насибулиннің жеке пікірі. Қазақстан бокс федерациясы бапкер айтқан қысым немесе келісім туралы мәлімдемеге әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.

АҚШ-тағы жаттығу жиынынан бас тартқан

Бапкердің сөзінше, Абылайхан Жүсіпов Қытайдағы әлем кубогынан оралғаннан кейін Азия ойындарына қатыспай қалуы мүмкін екенін сезген. Сол себепті АҚШ-тағы оқу-жаттығу жиынына барудың мәні жоқ екенін айтқан.

Бірақ өңірлік спорт басқармасының өкілдері боксшыны Азия ойындарына міндетті түрде қатысатынына сендіріп, Америкадағы жиынға жіберген.

Соңғы жиында үш раунд жұмыс істеген

Насибулиннің мәлімдеуінше, қорытынды оқу-жаттығу жиынында Жүсіпов пен Сабырхан үш раунд бойы жұптасып жұмыс істеген. Кейін Азия ойындарына Төрехан Сабырханды жіберу туралы шешім қабылданған.

"Федерация Төреханның неліктен таңдалғанын маған да, облыстық спорт басшыларына да түсіндірген жоқ. Ел намысын халықаралық жарыстарда әрдайым ең мықты спортшылар қорғайды деп айта алмаймын.

Ұлттық құраманың кейбір салмақ дәрежелерінде өте мықты боксшылар бар. Бірақ олар қазір ауылдарда, жертөлелерде немесе жұмыста жүріп жаттығып жатыр. Егер оларға мүмкіндік берілсе, қазіргі құрамдағы боксшылардың жартысын жеңуі ықтимал. Кей жерлерде олардың жолы жабылып, өздерін көрсетуіне жағдай жасалмайды", — деді маман.

Қазақстанның 2026 жылғы Азия ойындарына қатысатын құрамасы әзірге ресми түрде таныстырылмады.

Айти мен Нагояда өтетін жарыстар бағдарламасындағы бокс турнирі 21 қыркүйек пен 2 қазан аралығына жоспарланған. Барлық 11 салмақ дәрежесіндегі алдын ала жекпе-жектер 21 қыркүйекте басталады.

Бұл туралы не ойлайсыз?

Пікірлер

Пікір қалдыру уақытша жабық.

Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.