42 жастағы қазақ балуаны Астанада Бразилия намысын қорғайды
Таразда дүниеге келген Марат Ғарипов Астанада өтетін күрестен 2026 жылғы әлем чемпионатына қатысады.
Бразилия құрамасында қазақ балуаны бар
24 қазан мен 1 қараша аралығында Астанада күрес түрлерінен әлем чемпионаты ұйымдастырылады. Байрақты бәсекеге Бразилия құрамасы тоғыз балуанды апаруды жоспарлап отыр. Олар грек-рим, еркін күрес және әйелдер күресінен сынға түседі.
Бразилия құрамасының сапындағы ең тәжірибелі балуандардың бірі – қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс Марат Ғарипов. Тараз тумасы 2016 жылдан бері халықаралық жарыстарда осы елдің атынан өнер көрсетіп келеді.
42 жастағы балуан әлем чемпионатында грек-рим күресінен 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдеседі.
Бұрынғы отандасымен кездесуі мүмкін
Астанадағы әлем біріншілігінде Ғариповтың қарсыластарының бірі Қазақстан құрамасының өкілі Исхар Құрбаев болуы ықтимал. Екі балуан да 55 келі салмақта бақ сынайды. Егер жеребе жолықтырса, кезінде Қазақстан намысын қорғаған Ғарипов бұрынғы отандасына қарсы кілемге шығады.
Айта кетейік, бұл Марат Ғариповтың Бразилия атынан Қазақстанда өтетін халықаралық жарысқа алғаш қатысуы емес.
Ғариповтың жетістіктері
Марат Ғарипов 1984 жылғы 17 қыркүйекте Таразда дүниеге келген. Қазақстан құрамасында өнер көрсеткен жылдары Азия және халықаралық турнирлерде бірнеше мәрте жүлдегер атанған.
Қазақстан атынан қол жеткізген нәтижелері:
2001 жыл – кадеттер арасындағы Азия чемпионатының қола жүлдегері (42 кг);
2004 жыл – жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері (50 кг);
2008–2010 жылдары – Golden Grand Prix, Әлем кубогы және Азия чемпионатының қола жүлдегері (55 кг).
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының спорт шебері және халықаралық дәрежедегі спорт шебері атақтарына ие.
Бразилия сапындағы жетістіктері қандай?
Марат Ғарипов 2016 жылы Бразилия азаматтығын алғаннан кейін халықаралық аренадағы мансабын жалғастырды.
Оның Бразилия құрамасындағы маңызды нәтижелері:
2018 жыл – Загреб Гран-приінің күміс жүлдегері (55 кг);
2018 және 2021 жылдар – Панамерика чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері (60 кг);
2019 жыл – Thor Masters халықаралық турнирінің күміс жүлдегері (55 кг);
2022 жыл – Bill Farrell Memorial турнирінің қола жүлдегері (60 кг);
2024 жыл – Мұхамет Мало мемориалының қола жүлдегері (55 кг);
2024 жыл – Bill Farrell Memorial турнирінің жеңімпазы (55 кг);
2025 жыл – Bill Farrell Memorial жарысының күміс жүлдегері (55 кг).
Қазақстандағы жарыстарда қандай нәтиже көрсетті?
Ғарипов Бразилия құрамасының мүшесі ретінде Қазақстанда өткен екі ірі халықаралық жарысқа қатысқан.
2019 жылы Астанада ұйымдастырылған әлем чемпионатында 60 келі салмақта белдесіп, 35-орынға тұрақтаған. Ал 2022 жылы Алматыда өткен Болат Тұрлыханов кубогында жетінші орын иеленген. Қазір Марат Ғарипов 60 келі салмақ дәрежесі бойынша әлемдік рейтингте 61-орында тұр.