"Мотиватор" Бекембетов қырғызстандық файтерді титулдық реваншқа шақырды
Қазақстандық жекпе-жек шебері "Мотиватор" Әнуарбек Бекембетов , қырғызстандық Марсель Нурланбек уулымен қайта кездесуге дайын екенін мәлімдеді.
Қос файтер желтоқсанда жекпе-жек өткізу мүмкіндігін талқылап жатыр. Бұл кездесуде IBA Nomad лигасының жаңа BNF чемпиондық белбеуі сарапқа салынуы мүмкін.
Бекембетовтің айтуынша, Марсель оған жеке хабарлама жазып, желтоқсан айында BNF белбеуі үшін жұдырықтасуды ұсынған.
"Nomad Fighting, Мұхамеджан, Исламбек! Марсель маған жекеме жазып, желтоқсанда BNF белбеуі үшін жекпе-жек өткізуге дайын екенін айтты. Оның да жекпе-жекке қызығушылығы бар. Осы жекпе-жекті өткізейік. Қырғыз елі, қазақ елі бұл кездесуді күтіп отыр. Өзіме де бұл жекпе-жек қызық. Бұл — принципті реванш. Салмақты келісіп, гонорар мәселесін шешеміз, келісімшартқа қол қоямыз. Дайындалайық, мен әзірмін. Ертеңгі жекпе-жегіңде алдымен өзбек бауырыңды жеңіп ал. Содан кейін толық қарқынмен іске кірісеміз. Мен келісімшартты күтіп отырмын ", — деді Бекембетов әлеуметтік желідегі парақшасында.
Алғашқы жекпе-жекте қырғызстандық файтер жеңген
Екі файтердің алғашқы кездесуі 2024 жылғы 13 шілдеде Алматыда өткен Hardcore MMA турнирінде ұйымдастырылды. Жекпе-жекте Марсель Бекембетовті бірінші раундтың небәрі 41-секундында ауырту әдісімен жеңген.
Енді қазақстандық спортшы сол жеңілістің есесін қайтаруға мүмкіндік алуды көздеп отыр. Әзірге Бекембетов пен Нурланбек уулуының реваншына қатысты нақты күн мен ресми келісімшарт жарияланған жоқ.