Қазақстан — Ресей жекпе-жегі нокаутпен аяқталды
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Еділ Қожамбердиев IBF European чемпиондық белбеуі үшін өткен жекпе-жекте Умар Саламовтан жеңіліп қалды.
Чемпиондық жекпе-жектегі жеңіліс
Кәсіпқой бокстан өткен кештің басты жекпе-жегінде Еділ Қожамбердиев (17-2, 17 КО) пен ресейлік Умар Саламов (33-2, 24 КО) шаршы алаңға шықты.
Боксшылар бірінші ауыр салмақтағы IBF European чемпиондық белбеуін сарапқа салды. Аталған титулдың иегері Умар Саламов кездесуде басымдық танытып, чемпиондық атағын сақтап қалды.
Бесінші раундтағы ауыр соққылар
Титулдық кездесудің шешуші сәті бесінші раундта болды. Ресейлік боксшы шабуылын күшейтіп, Қожамбердиевті бірнеше мәрте нокдаунға түсірді.
Раундтың соңына қарай Саламов қарсыласының денесіне ауыр соққы дарытты. Соның салдарынан қазақстандық боксшы қайтадан тізерлеп қалды. Осы сәтте төреші жекпе-жекті тоқтатып, Умар Саламовтың техникалық нокаутпен жеңіске жеткенін тіркеді.
Бұл жеңіс Умар Саламовқа IBF European чемпионы атағын сәтті қорғауға мүмкіндік берді. Ал Еділ Қожамбердиев кәсіпқой бокстағы екінші жеңілісіне ұшырады. Айта кетейік, қазақстандық былғары қолғап шебері бұған дейінгі 17 жеңісінің барлығын қарсыластарын нокаутқа түсіру арқылы тіркеген.