Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

Қазақстандық балуан ӘЧ-да жеңіліп қалса да, медальға таласу мүмкіндігін сақтап қалды

Астанадағы грек-рим күресінен әлем чемпионатында Бағдат Сабаз қола медаль үшін күресті жалғастырады.

Қазақстандық балуан ӘЧ-да жеңіліп қалса да, медальға таласу мүмкіндігін сақтап қалды
instagram.com/kazwrestling_official/

Қола медальға таласады

67 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғап жүрген 22 жастағы Бағдат Сабаз жарыстың үшінші күнінде екі бірдей тартысты белдесуде жеңіске жеткен. Әуелі қырғызстандық Раззак Бейшекеевті 8:4 есебімен жеңді. Кейін Болгария атынан сынға түскен Абу-Муслим Амаевпен кездесуде 0:5 есебімен ұтылып жатып, керемет камбэкпен 7:5 есебімен жеңіп кетті. 

Бірақ ширек финалда Сабазға Париж Олимпиадасының чемпионы, ирандық Саид Эсмаили қарсы тұрды. Тәжірибелі қарсыласымен болған белдесу 2:7 есебімен аяқталып, отандасымыз жартылай финалға өте алмады.

Ирандық чемпион Сабазға мүмкіндік сыйлады

Ширек финалдағы жеңілістен кейін Бағдат Сабаздың турнирдегі тағдыры ирандық балуанның нәтижесіне байланысты болды. Саид Эсмаили жартылай финалда әзербайжандық Хасрат Джафаровты жеңіп, әлем чемпионатының финалына жолдама алды. Осы нәтиженің арқасында Сабаз жұбаныш белдесулеріне қатысу құқығын иеленді.

Енді қазақстандық бозкілем шебері 27 қазанда қола медаль үшін күресін жалғастырады.

Алдын ала мәлімет бойынша қазақстандық балуанның жұбаныш кезеңіндегі алғашқы қарсыласы нидерландылық Ильяс Лауина немесе қытайлық Син Чжин болады. Егер Сабаз жұбаныш белдесуінде жеңіске жетсе, қола медаль үшін шешуші кездесуге шығу мүмкіндігіне ие болады.

Бағдат Сабаз туралы не белгілі?

Бағдат Сабаз – Астана атынан өнер көрсететін 22 жастағы грек-рим күресінің өкілі. Жас балуан халықаралық жарыстарда бірнеше мәрте жүлдегер атанып, құрлықтық деңгейде де табысқа жеткен.

Негізгі жетістіктері:

2018 жыл – 15 жасқа дейінгілер арасындағы Азия чемпионатының қола жүлдегері;
2019 жыл – 15 жасқа дейінгілер арасындағы Азия чемпионы;
2022 жыл – 20 жасқа дейінгілер арасындағы Азия чемпионатының қола жүлдегері;
2025 жыл – "Мухамет Мало" халықаралық турнирінің қола жүлдегері;
2025 жыл – 23 жасқа дейінгілер арасындағы Азия чемпионы;
2025 жыл – Германия Гран-при турнирінің екі дүркін жеңімпазы.

Бағдат Сабаз – Қазақстан Республикасының спорт шебері және халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Әлемдік рейтингте 69-орында тұр.

Бұл туралы не ойлайсыз?