Екі жылдан кейінгі айқас: Шавкат Рахмоновқа қауіпті қарсылас таңдалды
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмоновтың (19-0) UFC октагонына қашан оралуы мүмкін екені айтылды.
Кіммен жұдырықтасуы мүмкін?
Violent Rounds дереккөзі таратқан ақпаратқа сәйкес, UFC басшылығы Шавкат Рахмонов пен Джек Делла Маддалена арасындағы жекпе-жекті ұйымдастыру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Екі файтердің кездесуі 2027 жылдың 16 қаңтарында АҚШ-тың Даллас қаласында өтетін UFC Fight Night турнирінің басты жекпе-жегі болуы мүмкін.
"Джек Делла Маддалена мен Шавкат Рахмонов арасындағы кездесу әзірленіп жатыр. Бұл жекпе-жек Далластағы UFC турнирінің басты оқиғасына айналуы ықтимал", – деп жазады дереккөз.
Әзірге UFC бұл кездесуді ресми түрде растаған жоқ.
UFC-де үлкен өзгерістер болуы мүмкін
Жартылай орта салмақтағы жағдай Ислам Махачев пен Карлос Пратес арасындағы жекпе-жектің өтпей қалуынан кейін өзгере бастаған. Таратылған мәліметке сүйенсек, енді Карлос Пратес пен Майкл Моралес уақытша чемпиондық белбеу үшін кездесуі мүмкін. Ал ирландиялық Иэн Мачадо Гэрри UFC 335 турнирінде украиналық Ярослав Амосовпен жұдырықтасады деп күтілуде.
Осы өзгерістер Шавкат Рахмоновтың келесі қарсыласын таңдауға да әсер етуі ықтимал. Қазақстандық файтер соңғы кездесуін 2024 жылдың желтоқсанында UFC 310 турнирінде өткізді.
Ал Джек Делла Маддалена соңғы рет 2 мамырда Перт қаласындағы UFC турнирінде өнер көрсетті. Ол кештің басты жекпе-жегінде бразилиялық Карлос Пратестен үшінші раундта техникалық нокаутпен жеңіліп қалды.