Жәнібек Әлімханұлы Әли мен Тайсон жаттыққан әйгілі бокс залына барды
Жәнібек Әлімханұлы АҚШ-тағы аты аңызға айналған Gleason’s Gym жаттығу залында болды.
Нью-Йорктегі әйгілі бокс залы
Орта салмақта WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы Нью-Йорктің Бруклин ауданында орналасқан тарихи Gleason’s Gym спорт кешеніне арнайы ат басын бұрды. Бұл туралы америкалық бапкер Дон Сэксби Instagram желісіндегі парақшасында хабарлап, қазақстандық боксшымен бірге түскен суретін жариялады.
Ол Жәнібектің қарапайымдылығы мен адамгершілік қасиеттеріне ерекше тоқталды.
"Gleason’s Gym залына орта салмақтағы WBO әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы қонаққа келді. Ол – нағыз чемпион әрі өте қарапайым жігіт. Оған тек жақсылық тілейміз. Құдай оған ең жақсысын нәсіп етсін!" – деп жазды америкалық маман.
Әли мен Тайсон жаттыққан тарихи орын
Gleason’s Gym – әлемдік бокс тарихында өзіндік орны бар әйгілі жаттығу залдарының бірі. Мұнда әр жылдары Мұхаммед Әли, Майк Тайсон және басқа да танымал кәсіпқой боксшылар дайындықтан өткен. Ал Жәнібекпен суретке түскен Дон Сэксби осы залда тұрақты түрде жаттықтырушылық қызмет атқарады.
Қазақстандық чемпионның аты аңызға айналған боксшылар жаттыққан залға баруы алдағы маңызды жекпе-жегі қарсаңында назар аудартты.
Жәнібек Әлімханұлының келесі қарсыласы кім?
Жоспар бойынша Жәнібек Әлімханұлы келесі жекпе-жегін 2027 жылдың 23 қаңтарында Данияның Хорсенс қаласында өткізеді. Оның қарсыласы – кәсіпқой рингте жеңіліп көрмеген даниялық Якоб Банк. Екі былғары шебері Forum Horsens аренасында шаршы алаңға шығады деп жоспарланған.
Боксшылардың көрсеткіштері:
Жәнібек Әлімханұлы (Қазақстан) – 17 жеңіс, 12 нокаут, 0 жеңіліс.
Якоб Банк (Дания) – 20 жеңіс, 11 нокаут, 0 жеңіліс.
12 раундқа есептелген кездесуде екінші орта салмақтағы (76,2 келіге дейін) WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионының бос тұрған белбеуі сарапқа салынады.
Жаңа салмақта дебют жасайды
Бұл айқас қазақстандық боксшы үшін ерекше маңызға ие болмақ. Бұған дейін орта салмақта өнер көрсетіп келген Жәнібек Әлімханұлы алғаш рет екінші орта салмақта жұдырықтасуды жоспарлап отыр.
Осылайша қазақстандық чемпион жаңа салмақ дәрежесінде де әлемдік деңгейдегі жетістікке жетуді көздейді.