Қазақ футболы неге дамымай жатыр? Жауабы айтылды

Редактор Penalty.kz
19.05.2025, 17:29

Спорт шолушысы Ермұхаммед Мәулен Fonteam подкастында отандық футболдың ілгері басуына қандай кедергі барын ашық айтып берді.

BAQ.KZ

Еліміздегі футболдың негізгі проблемаларының бірі — ішкі инфрақұрылым мен логистиканың әлсіздігі. Бұл туралы спорт шолушысы Ермұхаммед Мәулен Fonteam подкастында ашық айтты.

Мәуленнің айтуынша, Қазақстан ішінде футболшылар мен мамандар бір қаладан екіншісіне жетудің өзі — нағыз сынақ. Бұған ол өз өмірінен нақты мысал келтірді:

«Франциядан ұшып келдім. Парижден Қазақстанға 7 сағатта жеттім. Бірақ ел ішінде, мысалы, Таразға бару үшін 27 сағат уақыт кеткен кездер болды. Пойызда билет жоқ, ұшақта билет жоқ. Жол шұрық-тесік».

Ол 2013 жылы Таразда өткен жарысты еске алып, сол сапарда Литвадан келген бапкер Саулис Ширмэрестің қазақ футболына қатысты ерекше пікірін жеткізді:

«Ол маған: “Сендер неге дамымай жатқандарыңды білесің бе? Жерлерің тым үлкен,” — деді. Мысалы, Каспий командасында ойнайтын бір жас футболшы Өскеменге матчқа қатысу үшін пойызбен үш жарым күн жүріп барған. Ортасында Минск пен Лиссабон тұрғандай алыс қашықтық. Содан соң он минутқа ғана ойынға шығып, қайтадан үш жарым күн жолға кеткен. Бір апта бойы жаттығусыз қалған. Поезда отырып Доширак жеген.»