Оның айтуынша, команда сырт алаңда да сенімді ойнап, негізгі кезеңге жолдама алуды басты мақсат етіп отыр.
Глазголық «Селтиктің» бас бапкері Брендан Роджерс Алматыда өтетін Чемпиондар лигасы плей-офф кезеңіндегі «Қайратқа» қарсы ойында тек жеңіс үшін алаңға шығатынын мәлімдеді.
Алғашқы ойын 23 тамыз күні Шотландияның Глазго қаласында өтіп, 0:0 есебімен аяқталған болатын. Енді шешуші жауапты матч ертең, 26 тамызда Алматыда өтеді.
Солтүстікирландиялық маман ойын алдындағы дайындыққа тоқталды:
«Біз ойынға өте позитивті көңіл-күймен дайындалып жатырмыз. Алдағы 48 сағатта матчқа толық дайындық жүргіземіз. Ұшуға, бейімделуге қатысты барлық қажетті шараны қолға аламыз. Алматыға біз жеңіс үшін барамыз. Біздің мақсатымыз – Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алу. Біз әлі де өз ойынымызды жоғары деңгейде көрсетіп, сырт алаңда да жеңіске жете аламыз. Біздің жоспарымыз осыған бағытталған», – деді Роджерс клубтың баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
Қарымта ойында алматылық «Қайрат» сапынан жас жұлдыз Дастан Сәтпаев алаңға шықпайды. Ол алғашқы ойында алған сары қағаздарының санына байланысты матчты өткізеді.
Матч 26 тамыз күні Алматыдағы «Орталық стадионда» өтеді. Жеңімпаз команда Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алады.