Ағылшын футболының аңызы, «Арсенал» мен Англия құрамасының бұрынғы жұлдызы Сол Кемпбэлл Астанада байқалды. Ол жергілікті жанкүйерлермен бірге матч қарап, қазақтың дәстүрлі шапанын сыйға алды.
Бұрынғы ағылшын қорғаушысы, әлемдік футболдың танымал тұлғасы Сол Кемпбэлл күтпеген жерден Қазақстан астанасында көзге түсті. Ол Астанадағы белгілі спорт-барлардың біріне бас сұғып, ағылшын Премьер-лигасының ойынын — «Арсенал» мен «Вест Хэм» арасындағы кездесуді жергілікті жанкүйерлермен бірге тамашалаған.
Көрермендердің бірі түсірген бейнежазбада Кемпбэлл көңілді күйде, қасында отырған қазақстандық жанкүйерлермен сөйлесіп, матч барысын қызу талқылап отырған сәті байқалады.
Кездесуден кейін қонаққа қазақы дәстүрмен шапан жабылды. Ұйымдастырушылар бұл — елімізге келген әйгілі спортшыларға көрсетілетін ең жоғары құрметтің бірі екенін атап өтті.
«Біз Кемпбэлл мырзаның Қазақстанға келгеніне қуаныштымыз. Ол — нағыз футбол аңызы, сондықтан қазақтың мейірімін сезінсін дедік», — дейді спорт-бар әкімшілігі.
Айта кетейік, дәл осы «Арсенал» клубы 2026 жылдың 29 қаңтарында Чемпиондар лигасының жалпы кезеңі аясында «Қайратпен» Лондонда кездеседі. Бұл матч турнирдің 8-туры болмақ.
Ағылшын клубы соңғы ойында «Вест Хэмді» 2:0 есебімен жеңіп, Еуропа аренасына тамаша формада келе жатқанын көрсетті.