
Бапкер Қазақстанда бұрын жұмыс істеген.
Ақтаулық «Каспий» армениялық жаттықтырушы Вардан Минасянның кандидатурасына қызығушылық танытып отыр.
Тараптар алдағы маусымдағы жұмыс жөнінде ұзақ келіссөздер жүргізіп келеді.
Айта кетейік, «Каспий» биыл Бірінші лигадағы ойындарын мерзімінен бұрын аяқтап, КПЛ-ге жолдама алды және келер жылға жоғары мақсаттар қоймақ.
Минасян бұған дейін Қазақстанда жұмыс істеген — ол «Тобол» мен кейінірек «Тараз» командаларын басқарды. Ең сәтті кезеңі дәл «Таразда» болды: команда оның басшылығымен чемпионатта көш бастап тұрған еді, алайда қаржылық қиындықтарға байланысты маман клубтан кетуге мәжбүр болды.
Бапкер ретінде Минасян «Пюник» пен «Арарат-Армения» клубтарын бірнеше мәрте ел чемпионы атандырған, сондай-ақ ел Кубогы мен Суперкубогын бірнеше рет жеңіп алған. 51 жастағы маман Армения құрамасын да жаттықтырған — оның жетекшілігімен команда Еуропа чемпионатының плей-офф кезеңіне шығуға сәл-ақ қалған.
Вардан Минасян өз елінде алты рет «Жылдың үздік бапкері» атағын иеленген. Ол Армения ұлттық құрамасының тізгінін ұстаған кезде 15 матч өткізген.