Фабио Каннаваро Өзбекстан құрамасының ӘЧ-2026-дан кейінгі жоспарын айтты
Өзбекстан құрамасының бас бапкері Фабио Каннаваро 2026 жылғы әлем чемпионатынан кейін Ташкентке командамен бірге оралмайтын болды.
Ташкентке оралмайды
Өзбекстан құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатындағы тарихи дебютін аяқтағаннан кейін бас бапкер Фабио Каннаваро алдағы жоспарын айтты.
Италиялық маман ұлттық командамен бірге Ташкентке бармайтынын, турнирден кейін қысқа үзіліс алатынын айтты. Оның сөзінше, соңғы екі ай команда үшін өте қарқынды өткен.
"Біз ұлттық құрамамен екі ай бойы бірге болдық. Қазір бәрімізге аздап демалыс қажет. Нью-Йорктен Италияға ұшамын, ал келесі кездесуіміз қыркүйекте болады", — деді Фабио Каннаваро журналистерге.
Өзбекстан әлем чемпионатындағы дебютін аяқтады
Еске сала кетейік, Өзбекстан құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатына алғаш рет қатысып, тарихи додадағы жолын топтық кезеңде аяқтады.
Фабио Каннаваро шәкірттері K тобында соңғы орын алып, бірде-бір ұпай жинай алмады. Өзбекстан құрамасы үш кездесудің барлығында жеңіліс тапты.
- Өзбекстан — Колумбия 1:3
- Өзбекстан — Португалия 0:5
- Өзбекстан — Конго ДР 1:3
Өзбекстан құрамасы турнирді жеңіліспен аяқтағанымен әлем чемпионаты ел футболы үшін тарихи оқиғалармен есте қалды.
Колумбияға қарсы ойында Аббосбек Файзуллаев Өзбекстан құрамасының әлем чемпионаттарындағы алғашқы голын соқты. Ал Конго ДР-на қарсы соңғы кездесуде команданың жалғыз добын капитан Эльдор Шомуродов өз еншісіне жазды.