"Астана" еурокубокқа жіберілмеуі мүмкін деген ақпаратқа ресми жауап берді

Жекпе-жек шолушысы

"Астана" ФК 2026/2027 маусымындағы Конференция лигасының іріктеу кезеңіне қатыспауы мүмкін деген ақпаратқа қатысты ресми мәлімдеме жасады.

"Астана" еурокубокқа жіберілмеуі мүмкін деген ақпаратқа ресми жауап берді
Instagram/@fca.astana

"Астана" қауесетке нүкте қойды

Соңғы күндері ақпарат кеңістігінде "Астана" футбол клубының еурокубоктағы ойынына қатысуына қауіп төнуі мүмкін деген хабар тараған. Осыған байланысты елордалық клуб ресми мәлімдеме жариялап, жағдайға түсініктеме берді.

Клубтың хабарлауынша, Конференция лигасының іріктеу кезеңіне дайындық жоспар бойынша жүріп жатыр. Команданың Албанияға ұшуы, қонақүйге орналасуы және матчқа қатысуға байланысты барлық ұйымдастыру шығындары толық қамтамасыз етілген.

Мәселе қаржы тапшылығында емес

"Астана" өкілдері тараған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын атап өтті. Әсіресе клубтың Албанияға баруға қаражаты жоқ деген болжам ресми түрде жоққа шығарылды.

“Астана” ФК еурокубокқа қатыса алмауы мүмкін деген ақпаратқа байланысты түсініктеме беруді жөн көрдік. Клубтың еурокубокқа қатысуына қауіп Албанияға сапарға қаражаттың болмауымен байланысты деген мәлімет шындыққа сәйкес келмейді. Ойынға дайындық штаттық режимде өтіп жатыр, ал ұшу, тұру және команданың қатысуын ұйымдастыруға қажет барлық шығын толық көлемде қамтамасыз етілген", — делінген клуб мәлімдемесінде.

УЕФА-ның қаржылық мониторингі жүріп жатыр

Клубтың түсіндіруінше, қазіргі жағдай тек УЕФА-ның тоқсан сайынғы қаржылық мониторинг рәсіміне қатысты. Бұл процедура аясында клуб команда мүшелері алдындағы қаржылық міндеттемелер бойынша мерзімі өткен қарыздың жоқ екенін растауы керек.

"Себеп тек УЕФА-ның тоқсан сайынғы қаржылық мониторинг рәсімінен өтуімен байланысты. Оның аясында клуб өз қаржылық міндеттемелері бойынша команда мүшелері алдында мерзімі өткен берешегі жоқ екенін растайды. Қазіргі уақытта клуб аталған процедурадан сәтті өту үшін қажетті жұмысты жүргізіп жатыр", — деп хабарлады" Астана". 

Клуб жанкүйерлерге үндеу жасады

"Астана" баспасөз қызметі жанкүйерлер мен БАҚ өкілдерін тек клубтың ресми ресурстарында жарияланған ақпаратқа сенуге шақырды.

"Жанкүйерлер мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен тек ФК “Астана” ресми ресурстарында жарияланатын ақпаратқа сенуді сұраймыз", — делінген мәлімдемеде.

Бабаянның сөзінен кейін ақпарат тараған

Бұған дейін "Астананың"бас бапкері Григорий Бабаян клубтағы инвестор мәселесіне алаңдаушылық білдірген болатын. Ол еурокубоктағы стартқа аз уақыт қалғанын, ал кейбір ұйымдастыру сұрақтары әлі толық шешілмегенін айтқан.

Осы пікірден кейін бірқатар БАҚ-та "клубтың тіпті сыртқа шығуға қаржысы жоқ" деген ақпарат пайда болды. Дегенмен "Астана" бұл мәліметті ресми түрде теріске шығарды.

Еске сала кетейік, "Астана" 2026/2027 маусымындағы УЕФА Конференция лигасының бірінші іріктеу кезеңінде Албанияның "Динамо Сити" командасымен кездеседі.