"Қызылжар" бас бапкерімен ресми түрде қоштасты

Жекпе-жек шолушысы

Петропавлдық "Қызылжар" ФК бас бапкер Милич Чурчичтің қызметінен кеткенін ресми хабарлады.

"Қызылжар" бас бапкерімен ресми түрде қоштасты
instagram/@fcqyzyljar

"Қызылжар" бас бапкерсіз қалды

Қазақстан Премьер-лигасында өнер көрсететін "Қызылжар" футбол клубында бапкерлік өзгеріс болды. Петропавлдық ұжым бас бапкер Милич Чурчичпен ынтымақтастықты аяқтағанын мәлімдеді.

Клубтың баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, бұл шешім екі жақтың ортақ келісімімен қабылданған.

"Қызылжар“ мен бас бапкер Милич Чурчич өзара келісім бойынша ынтымақтастықты тоқтату туралы шешім қабылдады", — делінген клуб хабарламасында.

Бапкерлер штабы да өзгерді

Милич Чурчичпен бірге команданың бапкерлер штабындағы бірнеше маман да клубтан кетті. Атап айтқанда, бас бапкердің көмекшісі Иван Йевич пен дене дайындығы бойынша жаттықтырушы Евгений Кресик те "Қызылжардағы" жұмысын аяқтады.

Ал команданы алдағы матчқа жергілікті маман Николай Александрович Стоякин дайындайтын болды.

Милич Чурчич «Қызылжардың» бас бапкері қызметіне 2025 жылдың сәуір айында тағайындалды. Биылғы маусымда оның жетекшілігімен петропавлдық команда 19 матч өткізіп, 6 рет жеңіске жетті.