ФИФА "Қайсарға" трансферлік бан қойды

Бас редактор
10.07.2026, 16:36

Оған футболшылар мен бапкерлер штабы алдындағы миллиондаған қарыз себеп. 

Offside.kz

Қызылордалық "Қайсар" футбол клубына ФИФА тарапынан трансферлік шектеу қойылды. Бұл туралы AmanVIBE хабарлады. Дереккөз мәліметінше, бұған футболшылар мен бапкерлер штабы алдындағы қарыз себеп болған. Әзірге "Қайсар" клубы немесе Қазақстан футбол федерациясы бұл ақпаратқа қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Қарыз көлемі 155 миллион теңгеге жуық

Жалпы өтелмеген міндеттемелер көлемі шамамен 155 миллион теңгені құрайды. Бұл қарыз бұрын клубта жұмыс істеген ойыншылар мен бапкерлерге қатысты болуы мүмкін.

Еске салсақ, биыл "Қайсар" жеке меншікке берілген болатын. Жекешелендіру кезінде жаңа инвестор клубты қарызсыз қабылдауы керек деген шарт қарастырылған. Алайда қыс мезгілінде клубты беру барысында бұрынғы қарыздарды өтеу мәселесі толық шешілмеген.

Клуб базасы мен автобус мемлекет меншігінде қалған

AmanVIBE мәліметінше, келісімдер аясында жаңа меншік иесі клуб базасын, жаттығу алаңдарын және автобусты мемлекет меншігінде қалдырған.

Бастапқыда бұл активтерді мемлекет сата алады немесе бұрынғы футболшылар мен бапкерлер штабы алдындағы берешекті жабуға пайдаланады деп күтілген. Алайда, дереккөздің айтуынша, бұл жоспар әзірге орындалмаған.

"Қайсар" турнир кестесінде 11-орында тұр

Биылғы маусымда "Қайсар" Қазақстан Премьер-лигасында 17 матч өткізді. Қызылордалық клуб 18 ұпай жинап, турнир кестесінде 11-орында келеді.

Реклама
Реклама