"Қайрат" — "Ұлытау" матчы көрерменсіз өтеді. Себебі белгілі
Мұндай шешім Т. С. Сегізбаев атындағы "Қайрат" ФК Академиясы стадионының трибуна сыйымдылығы шектеулі болуына байланысты қабылданды.
Алматылық "Қайраттың" Премьер-лигадағы кезекті матчы көрерменсіз өтеді.
"Қайрат" пен "Ұлытау" арасындағы Қазақстан Премьер-лигасының 9-тур матчы 15 тамыз күні өтеді.
Кездесу Алматыдағы Т. С. Сегізбаев атындағы "Қайрат" ФК Академиясының алаңында сағат 18:00-де басталады.
Ойын неге Орталық стадионда өтпейді?
Матчтың өту орны Орталық стадионда жүргізіліп жатқан жұмыстарға байланысты өзгертілді.
Клуб мәліметінше, аренада концерттен кейін демонтаж жұмыстары жүріп жатады. Сол себепті ойын академия алаңына ауыстырылған.
"Қауіпсіздік мақсатында матчты көрерменсіз өткізу туралы шешім қабылданды. Трибунада тек Академия тәрбиеленушілері мен қызметкерлері, сондай-ақ клуб ардагерлері болады" - делінген ресми хабарламада.
Неге матч көрерменсіз өтеді?
Т. С. Сегізбаев атындағы "Қайрат" академиясы стадионының трибуналары небәрі 216 орынға есептелген.
"Т. С. Сегізбаев атындағы "Қайрат" ФК Академиясы стадионының трибуналары нақты 216 орынға есептелген. Ал маусымдық абонемент иелерінің саны 800 адамнан асады. Барлық көрерменді стадионға сыйғызу физикалық тұрғыдан мүмкін емес. Ал абонемент иелерінің тек бір бөлігіне ғана кіруге рұқсат беру теңсіздік тудырар еді" - деп жазды клуб өкілдері.