Жарнама
Жарнама
Бір күнде 26 гол: Қазақстан әйелдер құрамалары үш матчта ірі есеппен жеңілді
instagram.com/kff_women/

Бір күнде 26 гол: Қазақстан әйелдер құрамалары үш матчта ірі есеппен жеңілді

Футболдан Қазақстан әйелдер құрамасы, U-19 және U-17 командалары бір күнде үш халықаралық кездесуде жеңіліп қалды.

U-19 құрамасы Чехияға есе жіберді

19 жасқа дейінгі Қазақстан қыздар құрамасы Еуропа чемпионаты-2027 іріктеуінің бірінші кезеңіндегі екінші турда Чехиямен кездесті.

Мальтада өткен матчта қазақстандық футболшылар 0:9 есебімен жеңілді.

U-17 командасы Германиядан ұтылды

17 жасқа дейінгі қыздар құрамасы да қарсыласына тоғыз гол айырмасымен жол берді. Еуропа чемпионаты-2027 іріктеуінің алғашқы турында Қазақстан Германиядан 0:9 есебімен ұтылды.

Кездесу Германияның Майндағы Франкфурт қаласында өтті.

Астанада сегіз гол жіберді

Әйелдер құрамасы әлем чемпионаты-2027 іріктеу плей-оффының бірінші кезеңіндегі алғашқы матчта Ирландияны қабылдады.

"Астана Аренадағы" ойын қонақтардың 8:0 есебімен жеңісімен аяқталды. Сөйтіп Қазақстанның үш құрамасы бір күнде өз қақпасына 26 гол жіберіп, бірде-бір гол соға алмады.

Алдағы кездесулердің кестесі:

12 қазан: Қазақстан U-19 – Мальта;
12 қазан: Қазақстан U-17 – Чехия;
13 қазан: Ирландия – Қазақстан. Ұлттық құраманың қарымта матчы Корк қаласында өтеді.

Жарнама
Жарнама