Қазақстандық боксшы, екі дүркін әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай әлеуметтік желідегі парақшасында ұлттық құраманың жаттығу барысынан видео жариялады. Жазбада Қазақстан құрамасының оқу-жаттығу жиынындағы дайындық процесі көрсетілген.
Тәшкенбай жариялаған роликте ұлттық команданың бірқатар көшбасшы былғары қолғап шеберлері кадрға түскен. Атап айтқанда, видеодан Нұрбек Оралбай, Махмұд Сабырхан, Сабыржан Аққалықов және өзге де боксшыларды байқауға болады.
Видеодағы ерекше детальдардың бірі — америкалық физикалық дайындық бойынша бапкер Кристофер Камачоның көрінуі. Ол бұған дейін аңыз боксшы Геннадий Головкинмен, сондай-ақ UFC Даңқ залындағы Хабиб Нурмагомедовпен жұмыс істеген маман.
Кристофер мен Дарио Камачо 2025 жылы World Boxing ұйымдастырған әлем чемпионатына дайындық барысында қазақстандық боксшылармен бірге еңбек еткен. Сол додада Қазақстан құрамасы медальдық есепте көш бастаған.