Қазақстандық боксшы WBO және IBF тұжырымдамары бойынша әлем чемпионы атағына ие.
Бүкіләлемдік бокс ұйымы (WBO) орта салмақтағы әлем чемпионы, қазақстандық Жәнібек Әлімханұлын бір жыл мерзімге шеттетті, деп хабарлайды Boxingnews24.
Мұндай шешімге 2025 жылдың қараша айында алынған допинг-сынама нәтижесінің оң болып шығуы себеп болған. Тексеру барысында спортшының ағзасынан мельдоний табылған. WBO-ның чемпиондық жекпе-жектер жөніндегі комитеті бұл шешімді бірауыздан қабылдады. Дисквалификация мерзімі 2025 жылдың 2 желтоқсанынан бастап күшіне енді.
Дәл осы күні Әлімханұлы мен кубалық Эрисланди Лара арасында өтеді деп жоспарланған біріктіру жекпе-жегі ресми түрде тоқтатылған болатын. Орта салмақтағы күштердің ара-жігін айқындауы тиіс бұл айқас жанкүйерлер үшін аса маңызды кездесу саналған еді. Допинг-сынама нәтижесін ірі турнирлерде тестілеу жүргізетін Волонтерлік антидопинг қауымдастығы (VADA) растады. Айта кетейік, мельдоний тыйым салынған заттар тізіміне енгізілген және бұған дейін де жекпе-жек спорттарында бірқатар спортшылардың шеттетілуіне себеп болған.
Шеттету мерзімі аяқталғанға дейін Жәнібекке кәсіби және көрме жекпе-жектерінің барлығына қатысуға тыйым салынады. Осыған байланысты WBO дивизиондағы бәсекелестікті сақтау үшін уақытша әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жек тағайындады. Онда ұйым рейтингінің бірінші нөмірі Дензел Бентли мен екінші нөмірі Энди Сааведра қолғап түйістіреді.
Сондай-ақ дисквалификация мерзімі 2026 жылдың желтоқсанында аяқталған соң, Әлімханұлы уақытша титул иесімен міндетті түрде жекпе-жек өткізуге тиіс екені нақтыланды. Егер ол бұған дейін басқа айқасқа шығатын болса, WBO тарапынан қосымша санкциялар қолданылуы мүмкін.
Айта кетейік, шеттетуге дейін Жәнібек Әлімханұлы орта салмақтағы ең үстем чемпиондардың бірі саналып келген. Оның Ларамен ықтимал кездесуі дивизиондағы басты айқастардың бірі ретінде бағаланған еді. Алайда дисквалификация салдарынан салмақ дәрежесіндегі жағдай түбегейлі өзгеріп, чемпион уақытша чемпиондық жарыстан шет қалды.